Жаңарған Конституция толық қолданысқа ену үшін көп жұмыс істеуіміз керек - Президент

16 Маусым 2022, 16:41
1494
Бөлісу:
Жаңарған Конституция толық қолданысқа ену үшін көп жұмыс істеуіміз керек - Президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. 

Мен референдумға дейін партия қатарынан шықтым. 5 маусымнан кейін бұл шешім конституциялық нормаға айналды. Мемлекет басшысы барлық саяси күштерден дербес тұруы керек. Президенттің әрбір іс-әрекеті тек мемлекет мүддесіне арналуға тиіс, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Айтуынша, Ата заңға енгізілетін өзгерістер осылайша жалғасын табады. 

Конституциялық өзгерістер, осылайша, кезең-кезеңімен қолданыла бермек. Жаңарған Конституция толыққанды қолданысқа енуі үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы және басқа да бірқатар заңдарды өзгертеміз. Бұл елді табысты жаңғырту тұрғысынан өте маңызды. Заңдарды қабылдау үшін бірнеше ай, тіпті, жарты жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайды. Жұрт нақты өзгерістердің қазір болғанын қалайды. Сондықтан депутаттарымыз негізгі заң жобаларын осы кезден жинақтай беруі керек. Сосын күзгі сессия басталғанда бірден іске кіріскен жөн. Басты заңдар жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. Сонда ғана жан-жақты жаңғыруды жоғары қарқынмен жалғастыра аламыз, - деді Президент Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде. 

Айта кетейік, Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы аяқталуға жақын. Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, депутаттар, қоғам белсенділері сөз сөйлеп, өзекті мәселелерді талқылады.

Өзгелердің жаңалығы