Жаңаөзенде инкассаторды тонап, 76 млн теңгені ұрлаған қарақшылар ұсталды

11 Желтоқсан 2020, 21:04
2099
Бөлісу:
Жаңаөзенде инкассаторды тонап, 76 млн теңгені ұрлаған қарақшылар ұсталды
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полицейлер Жаңаөзенде инкассаторларға шабуыл жасағандардың барлығын ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz. 

3 желтоқсан күні сағат 18:33-те Жаңаөзен қаласы Полиция басқармасы Жедел басқару орталығына 4-шағынауданда банк бөлімшесі қасында инкассатор машинасына шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бұдан әрі анықталғандай, инкассатор жүргізушісінен қылмыскерлер пышақпен қорқытып, 76 миллион теңге алып, қылмыс орнынан жеңіл автокөлікпен қашып кеткен. Инкассатор автомобилінің жүргізушісі олардың соңынан бірнеше рет оқ атқан. Сол бойда құқық қорғау органдары күштерінің арнайы іс-қимыл жоспары енгізілді. Қаланың, сондай-ақ жақын өңірлердің патрульдері мен полиция бекеттеріне тиісті хабарламалар жөнелтілді. 

Алдын ала дайындықпен жасалған бұл қылмысты ашу үшін Маңғыстау облысының Полиция департаменті мен қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полиция қызметкерлері оқиға орнынан бейнебақылау камераларын мұқият зерттеді. Қылмыскерлер бой жасыруы мүмкін маршруттар жасалды. Жаңаөзен қаласына барлық кіру және шығу жолдары жабылды. Деректер базасы бойынша зиянкестер автокөлігінің сипаттамасына сәйкес келетін барлық автокөлік анықталып, тексерілді. Оқиғаны көзімен көргендер мен куәгерлерден жауап алынды. Осымен бір мезгілде жедел жұмыстар да жүргізілді. 


Түн ортасында іздестіріліп жатқан көлікке ұқсайтын автокөлік ұсталды, оның жүргізушісі полиция қызметкерлеріне күдік тудырды. Видеоны сол жерден зерттеген олар оқтың тиген жерін анықтап қарағанда, оны бір нәрсемен бітеп жасырғанын байқады. Сондай-ақ инкассаторлық компаниянының жұмыс орнын да анықтап, полиция жүргізушіні қылмыс жасады деген күдікпен ұстады. Алайда ол қандай да бір қарақшылық шабуылға қатысқанын теріске шығарып бақты. Ұсталған адамның таныстары мен байланыстарын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізгеннен кейін қылмыстық іздестіру қызметкерлері шабуыл жасаған тағы бір күдіктіні анықтап, ұстады. Тінту кезінде одан үйдің қазандығына көміп тастаған ұрланған ақшаның бір бөлігі табылды. 

Бүгін 11 желтоқсанда полиция қылмыстың үшінші қатысушысын ұстады. Тергеу анықтағандай, қылмыскерлер бір ай бойы инкассаторларға шабуыл жасауға мұқият дайындалған. Олар инкассатор машинасының бағыты мен қозғалыс уақытын есептеп, өзара тиісті міндеттерді бөлісіп, қару таңдаған. Ұрланған ақшаны қаскүнемдер өзара бөлісіп алған болып шықты. Инкассаторларға шабуыл жасау фактісі бойынша ҚР ҚК 192-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген хабарламада.


Өзгелердің жаңалығы