Жаңаөзенде білімі жоқ массажист баланың аяғын сындырып алған

10 Тамыз 2023, 13:10
671
Бөлісу:
Жаңаөзенде білімі жоқ массажист баланың аяғын сындырып алған

Жаңаөзенде сал ауруына шалдыққан балаға емдік шара жасамақ болған мамандар, бүлдіршіннің аяғын сындырып алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Информбюро 31" мәлім еткендей, жарақаттанған 5 жастағы Жеңісбектің әкесі, сол мамандардың жауапсыздығынан онсыз да жарымжан баламның аяғы 2 сантиметрге қысқарып қалды дейді. 

Ал медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті орталықтың лицензиясы жоқ екенін және мамандарда сертификат болмағанын анықтапты.

Ерлан Әбітбеков жыл басында сал ауруына шалдыққан ұлы Жеңісбекті массаж орталығына емдік дене шынықтыру курсын қабылдау үшін апарған. Бір курс үшін орталықтағылар 125 мың теңге ақы алыпты. Алғашында емді әйел адам жасағанын, артынша оның жолдасы жалғастырғанын айтады. Алайда, орталықтағылар сүйегі сау баламның аяғын сындырып берді дейді шарасыз қалған әке. 

Екі аяғының ортасына ісулер пайда болды. Біз барып ескерту жасадық, мынаны қатты жасап жатсыңдар деген кезде, "егер результат керек болса, балаңызды аяқтан тұрғызғыңыз келсе, ары қарай алып келе беріңіздер, жақсы болады" деді. Жарты сағаттан кейін Сымбат звондады. Балаңыздың аяғын Еркін сындырып алды, тездетіп келіңіз деді. Барғаннан кейін қарасам аяғына бірдеңе орап қойған. Қалай болды десем күш салып сындырып алдым деді, - деп түсіндірді жәбірленуші.

Алайда бұл оқиғадан кейін жарты жыл уақыт өткен. Алғашында кінәсін мойындаған азамат енді басын алып қашып отыр дейді Ерлан Әбітбеков. Бауыр еті баласы үшін алаңдаған әке ауруға сырқат қосып берген адам әлі күнге дейін жазаланбады деп қапалы. 

Жаңаөзен қаласының полиция басқармасына барып арызданған болатынмын. Бұл жерде ешқандай қылмыстық іс жоқ, ол әдейі сындырған жоқ деп жауап берді. Менің баламның аяғы 2-3 сантиметрге қысқарып қалды. Өйткені, операция жасаған кезде сүйекті мінгестіріп салып жіберген, - деді Ерлан Әбітбеков.

Осы оқиғаға қатысты Маңғыстау облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетиярова түсініктеме берді.

Екі қызметкердің медициналық білімінің жоқтығы және де маман сертификатының жоқтығы анықталды. Бұл шағым негізді деп танылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес рұқсатсыз қызмет көрсету барысында 464-бап және маман сертификатының жоқтығына 424-бап бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып айыппұл салынды, - деді ол.

Бұған қоса, департамент басшысы комиссия қорытындысы Полиция департаментіне жолданғанын хабарлады. 

Ал Ерлан Әбітбеков жарымжан баланың диагнозын біле тұра жарақаттаған адам заңсыз қызмет көрсеткені үшін лайықты жаза алуы тиіс деп отыр. 

Өзгелердің жаңалығы