Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты шыққан сот үкіміне пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, ол бұл істі толық бақыламаған.
Шынымды айтсам, бұл істі жіті бақылаған жоқпын. Иә, бұрын прокуратура органдарында жұмыс істедім, бірақ бұл істі егжей-тегжейлі қадағалауға мүмкіндік болмады, өйткені бағалау қиын. Екіншіден, бұл – ұзақ процесс. Қылмыстық істер, әсіресе сотта қаралатындары, ұзақ уақытқа созылады, себебі әрбір жайтты мұқият зерттеу қажет, – деді ол.
Оның сөзінше, қазіргі заңнамада мұндай істер бойынша келісім жасау тетігі қарастырылған.
Қылмыстық кодексте мемлекеттік айыптаушы кінәні мойындау мен келтірілген залалды өтеуді ұсынады, ал мемлекет белгілі бір жаза түрін белгілейді. Мұндай жағдайда бұл екі тарап үшін де тиімді. Сондықтан бұл жерде бәрі дұрыс деп ойлаймын, – деді Қошмамбетов.
Сондай-ақ депутат мұндай жария істердің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Осындай істер көбейген сайын азаматтар сот жүйесін жақсырақ түсіне бастайды. Мысалы, Бишімбаевтың ісі кезінде бүкіл ел назар аударып, құқықтық сауаттылық артты, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, бұл жағдайда қаржылық өтеу негізгі рөл атқарған.
Мұнда олар белгілі бір деңгейде қаржылай өтеумен шектелген. Егер келтірілген залал материалдық сипатта болып, толық өтелсе, экономикалық қылмыстарды осылай аяқтауға болады деп есептеймін. Көп жағдайда кәсіпкерлер зиянды өтесе де, ұзақ мерзімге сотталып жатады. Бұған жол бермеу керек, – деді Мәжіліс депутаты.
Ол сондай-ақ экономикалық және өзге қылмыстардың аражігін ажырату қажет екенін айтты.
Егер зиян тек қаржылық болса, ол өтелсе, онда мәселе де шешіледі. Ал физикалық немесе моральдық зиян келтірілсе, бұл – мүлде басқа жағдай. Бұл жерде әңгіме сыбайлас жемқорлық туралы емес, экономикалық қылмыстар туралы болып отыр. Алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік қызмет – осы санатқа жатады, – деп түсіндірді Айтуар Қошмамбетов.
Еске салсақ, блогерлерге қатысты сот отырысында прокурор Жанабыловтың кінәсін мойындап, 247 млн теңге залалды өтегенін айтты. Сотта оған қандай шартты жаза сұралғаны белгілі болды.
Сотта аға прокурордың көмекшісі Олжас Хайруллаев Эльмира Төлегеноваға жаза тағайындау туралы ұсынысын жариялады. Прокурор Эльмира Төлегеноваға 2 жыл жаза сұрады.
Анықталғандай, Жанабыловтар тергеумен келісімге келді. Сот барысында судья әр айыпталушының ұстанымын жеке нақтылады.
Блогер Жанабылов пен Төлегеноваға сот үкімі жарияланып, екі айыпталушы да кінәлі деп танылды.
Сот отырысы барысында Жанабыловтардан қандай мүлік тәркіленетіні айтылды.