Жанабыловтар ісі: Біз заң бұзғанымызды мойындаймын – Төлегенова

Сотта блогер заң бұзғанын мойындады.

 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова Бүгiн 2026, 11:09
Бүгiн 2026, 11:09
160
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот отырысында айыпталушы Эльмира Төлегенова заң бұзғандарын мойындады.

Сол кезде заңсыз кәсіпкерлік қызмет әкімшілік сотта қаралып жатқан еді, әрі біздің ұстанымымыз мүлде басқа болды. Біз қылмыстық жауапкершілікке тартылмауымыз керек деп ойладық. Ол кезде ешқандай құжатқа қол қойған жоқпыз. Бірақ қазір заң бұзғанымызды түсінемін. Кінәмді мойындаймын. Шынын айтсам, бұл жағдай мен үшін өте ауыр. Осы әрекетім үшін жауапкершілікті көтеруге дайынмын, - деді Төлегенова сотта.

Айыпталушы өзіне тағылып отырған айыпты жұбайы Ерболат Жанабылов сияқты ішінара мойындады. Яғни ол ақшаны жылыстату бабына қатысты айыптаумен келіспейтінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл айыптаудың қандай негізге сүйеніп тағылғанын түсінбейді.

Бұл істі ауырлату үшін жасалды ма? – деді Төлегенова.

Іс туралы не белгілі?

Еске салайық, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс әлеуметтік желілер арқылы автокөлік, ақша және өзге де сыйлықтарды ойнатуға байланысты.

Қатысу үшін қолданушылардан шамамен 30 мың теңге көлемінде “оқыту курстары” үшін төлем жасау талап етілген. Осыдан кейін олар ұтыс ойындарына қатысуға мүмкіндік алған.

Тергеу дерегінше, айыпталушылар өздерінің танымалдылығы мен аудитория сенімін пайдаланып, ақылы өнімдер мен қызметтерге адамдарды тартқан.

Бұған дейін олардың қызметі лотереяны оператор мәртебесінсіз өткізгені үшін әкімшілік тәртіпте қаралған. Қазіргі таңда іс ашық режимде сотта қаралып жатыр, куәгерлерден жауап алынып, материалдар зерттеліп жатыр.

Айта кетейік, елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сотта айыпталушы Эльмира Төлегенова даулы мәлімдеме жасап,  істегі куәгер ретінде өтіп жатқан IT-маман Сұңғат Өтеболатов тергеу қысымынан кейін айыпталушылардан ақша сұрағанын айтты. Ерболат Жанабылов жауап беруді бастады және Жанабылов өзіне қатысты мәлімдеме жасап, "компьютерді соңғы рет 9-сыныпта қолданғанын" айтты.

Бұған дейін Жанабылов "Бізді қылмыскер етіп көрсетті" деп, алғашқы сотта сөйлеуге дайын болмағанын жазған едік. Сонымен қатар, Ерболат Жанабылов тергеуші қысым жасағанын мәлімдеді.

Бүгін белгілі болғандай, Жанабыловтар оқырмандарының біріне көлікті тегін бермек болған.

2026 жылғы 30 наурыздағы сот отырысында блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты – justking31) куәлік етті. Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.

Сондай-ақ, сот процесінде Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді. 

Жанабылов өзіне тағылған айыпты жартылай мойындады.

Наверх