Жаңа сервис іске қосылды. Енді үйіңізге бейтаныс адам тіркеле алмайды

23 Қыркүйек 2021, 11:34
1813
Бөлісу:
Жаңа сервис іске қосылды. Енді үйіңізге бейтаныс адам тіркеле алмайды

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы тұрғын үй иелеріне тіркелген азаматтар мен тіркеуден шығарылған тұрғындар туралы SMS-хабарламалар жолдайтын жаңа сервисті енгізді. 

Енді азаматтар ХҚКО арқылы тіркелген кезде тұрғын үй иесі өз телефонына тіркелген адамның деректері көрсетілген хабарлама алады. Егер баспана иесі үйінде тұратын адамды тіркеуден шығарғысы келсе, екінші тарапқа да тіркеуден шығарылғаны туралы хабарлама барады.

Қазақстандықтар маған үйлерінде бейтаныс адамдардың тіркелгені туралы жиі жазып жатады. Аталған жаңа сервис бұл мәселені шешуі тиіс. Егер біреу сіздің қатысуыңызсыз ХҚКО арқылы үйіңізге бөгде адамды тіркеуге тырысса, сіз бұл туралы SMS-хабарлама арқылы бірден біле аласыз. Сервис ақылы түрде тіркеуді ұсынатын делдалдарға қарсы күресте көмектеседі, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.  

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтарға тұрғылықты тіркеу қызметін 2019 жылдан бері көрсетіп келеді. Бұған дейін онымен ХҚКО-да орналасқан көші-қон қызметінің мамандары айналысқан болатын. 

Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша eGov порталы арқылы да онлайн тіркеуге немесе тіркеуден шығаруға болады. Ол үшін тұрғын үй иесі мен тіркелген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы керек.

 

Өзгелердің жаңалығы