Құрылыс компаниялары үшін жаңа дәуір: 1 шілдеден бастап не өзгереді?

1 шілдеден бастап елде алғашқы Құрылыс кодексі күшіне енеді.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 19:47
Бүгiн 2026, 19:47
174
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

1 шілдеден бастап Қазақстанның құрылыс саласы жаңа ережелер бойынша жұмыс істей бастайды. Елде алғашқы Құрылыс кодексі күшіне енеді. Билік оны соңғы жылдардағы қала құрылысы саласындағы заңнаманы жаңартудың ең ауқымды қадамдарының бірі деп бағалап отыр.

Жаңа құжат құрылыс компанияларына бақылауды күшейтуді, шенеуніктердің жауапкершілігін арттыруды, тұрғын үй сатып алушылардың құқығын қорғауды және жылжымайтын мүлік нарығындағы көлеңкелі схемаларды азайтуды көздейді. Негізгі жаңашылдықтардың қатарында қала құрылысы жобаларын міндетті сараптамадан өткізу, құрылыс жоспарлауын цифрлық бақылау, құрылыс салушылардың жауапкершілігін сақтандыру және адал емес компаниялардың тізілімін құру бар.

Жаңа нормалар құрылыс сапасын шынымен арттыра ма, әлде өзгерістер қағаз жүзінде ғана қала ма? Құрылыс компаниялары, тұрғын үй сатып алушылар және жалпы жылжымайтын мүлік нарығы үшін қандай өзгерістер болатынын BAQ.KZ тілшісі Qazaq Expert Club тәуелсіз сарапшысы, BuildExpert Telegram арнасының авторы Диляра Сейтнуровамен талқылады.

Негізгі өзгерістер

Құрылыс кодексі күшіне енгеннен кейін сала жаңа қағидалар бойынша жұмыс істейді. Диляра Сейтнурованың айтуынша, енді барлық қала құрылысы жобалары, оның ішінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары міндетті түрде сараптамадан өтеді.

Енді егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын екі жылда бір рет қана және бас жоспар аясында түзетуге болады. Сонымен қатар цифрлық бақылау енгізіледі: барлық егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесіне жүктеледі. Егер қандай да бір құжат бас жоспарға қайшы келсе, жүйе оны автоматты түрде анықтайды, – дейді сарапшы.

Шенеуніктер де жауап береді

Сарапшы жаңа өзгерістер құрылысқа рұқсат алу және құрылыс жүргізу мерзімдеріне қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді. 

Алғашқы кезеңде дайындық жұмыстарының мерзімі ұзаруы мүмкін, себебі міндетті сараптамадан өтетін құжаттардың саны көбейеді. Бірақ рәсімдер цифрлық форматқа көшіп, талаптар нақты белгіленген сайын негізсіз кідірістер азаюы тиіс. Нарықтың жаңа тәртіпке бейімделуі үшін белгілі бір өтпелі кезең қажет болады, – дейді ол.

Сонымен қатар құрылыс компанияларының тұрғын үй сапасына қатысты жауапкершілігі күшейтіледі.

Кодексте кепілдік мерзімі мен құрылыс сапасына қойылатын талаптар нақты бекітілген. Сондай-ақ құрылыс салушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізіледі.

Қандай да бір оқиға болған жағдайда сараптама жүргізіліп, қателіктің нақты қай кезеңде жіберілгені анықталады. Жауапкершілік тек құрылыс компанияларына ғана емес, шенеуніктерге де жүктелуі мүмкін.

Бұрын кінәліні нақты анықтау қиынға соқса, енді нақты жауапты тұлға белгіленуі тиіс.

Сонымен қатар eGov және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің порталдарында адал емес құрылыс компанияларының тізілімі пайда болады.

Бұл оңай тәсіл болғанымен, тиімді құрал. Адал жұмыс істейтін компаниялар бәсекелестік артықшылыққа ие болады, ал сатып алушылар тәуекелдерді алдын ала бағалай алады. Демпингке қарсы бақылаумен бірге бұл көлеңкелі тәжірибелердің аясын біртіндеп тарылтады, – деді сарапшы.

Бұл тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді?

Жаңа тұрғын үй сатып алатын қазақстандықтар үшін өзгерістер қорғаныс деңгейін арттырады. Сатып алушылар құрылыс компанияларын тексерудің қарапайым құралына ие болады. Ол – мерзімді бұзған немесе міндеттемелерін орындамаған компаниялардың ресми тізілімі.

Бұл тізілім құрылыс салушының сенімділігін алдын ала бағалап, қандай компаниялармен жұмыс істемеу керектігін анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жауапкершілікті сақтандыру тетігі үлескерлерді қорғауға бағытталған. Егер мәселе туындаса, зардап шеккен азаматтар ұзақ сот процестеріне ғана емес, сақтандыру төлемдеріне де жүгіне алады. Өйткені кей жағдайларда компаниялардың есепшоттарында қаражат болмауы мүмкін.

Дегенмен Диляра Сейтнурова тұрғын үй сатып алмас бұрын құрылыс компаниясының сенімділігін тексеру бұрынғыдай маңызды болып қала беретінін атап өтті.

Құрылыс кодексі тұрғын үй бағасының қымбаттауына әсер ете ме? Сарапшы мұндай ықтималдықты жоққа шығармайды.

Белгілі бір шығындардың өсуі мүмкін. Кепілдік міндеттемелерінің мерзімін ұзарту және талаптарды күшейту құрылыс құнына әсер етеді. Бірақ сонымен қатар ашықтықтың артуы ұзаққа созылған құрылыстардың тәуекелін азайтады, демек сатып алушылардың жасырын шығындары да төмендейді. Алматыда тұрғын үй бағасына Құрылыс кодексінен гөрі жер тапшылығы көбірек әсер етеді. Сондықтан түпкі нәтиже көбіне нысанның орналасқан жері мен нақты жобаға байланысты болады, – дейді сарапшы.

«Көп нәрсе кодекстің мәтініне емес, оның орындалуына байланысты»

Сарапшының пікірінше, жаңа талаптар ең алдымен демпинг арқылы жұмыс істеген, құжаттамасы әлсіз немесе көлеңкелі схемаларды пайдаланған компанияларға қиындық туғызады.

Ал сараптама мен сақтандыруға қажетті ресурстары жоқ шағын компанияларға да жұмыс тәсілін қайта қарауға тура келеді.

Мен мұны нарықтан жаппай кету деп бағаламас едім. Керісінше, жаңа талаптарға бейімделуге дайын компаниялардың пайдасына табиғи іріктеу жүреді, – дейді Диляра Сейтнурова.

Оның айтуынша, құрылыс сапасының бірден жақсаруын күтуге болмайды.

Сапа жаңа жобалар жаңартылған рәсімдерден өтіп, жаңа талаптар іс жүзінде орындала бастаған сайын артады. Алғашқы нәтижелер жаңа нысандардан байқалады. Ал нарық деңгейіндегі елеулі өзгерістер орта мерзімді кезеңде көрінуі мүмкін. Бұл жерде көп нәрсе кодекстің мәтініне емес, оның қалай орындалатынына байланысты, – деп түйіндеді сарапшы.

Наверх