Жаңа құрылып жатқан облыстардың көшін түзеу жауапкершілігі аз емес – депутат

13 Маусым 2022, 13:06
1194
Бөлісу:
Жаңа құрылып жатқан облыстардың көшін түзеу жауапкершілігі аз емес – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының әкімшілік-аумақтық өзгерістерге қатысты шешімін ел-халық аса жоғары көңіл-күймен қабылдады. Халық қайта ашылған үш облыстың басшылығына келетін тұлғаларды да тағатсыздана күтті, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.

Күні кешегі Конституциялық өзгерістердің алғашқы қадамы жүзеге аса бастады. Мәслихат депутаттарының таңдауына баламалы негізде аймақ басшылығына қос-қостан үміткерлер ұсынылды. Өңірдегі әріптестер өз таңдауын жасады. Нәтижесі мәлім. Президент Жарлыққа қол қойған сәттен бастап жаңа әкімдер қызметтеріне кірісіп кетті. Өзегі бар дайын өңірді басқарудың машақаты аз емес, ал жаңа құрылып жатқан облыстардың көшін түзеу жауапкершілігін сезіне беріңіз. Жаңа әкімдердің алдына мемлекет басшысы нақты міндеттер жүктеді. Оларды алда сұрапыл жұмыстар күтіп тұр. Баршасына сәттілік!, - деп жазды ол.

Депутат Жетісу облысының тізгінін ұстаған Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев туралы айтты.

Журналист. Дипломат. Қайраткер. Әлеуметтік ағыстардың бел ортасынан шыққан Тұлға.

Ешбір саяси топтың шылауында кетіп немесе шашбауын көтеріп шаршаған адам емес. Тәуелсіздіктің тағдыры сынға түсіп тұрған 90-жылдары өзі басшылық еткен газеттің де, телеарнаның да шырайын кіргізген. Қоғамдық-саяси жаңғырулардың жағалауында емес, бел ортасында жүрген. Сол кезеңдерден қалыптасқан болу керек, кез-келген мәселеде көзқарасы ашық.

Мемлекеттік қызметке де ерте араласты. Заманбек Нұрқаділов Алматы қаласын басқарған жылдары орынбасары болған. Шамалы уақыт Президенттің баспасөз қызметін басқарды. Ақпарат министрінің орынбасары болды. Кейін дипломатия саласында біраз жыл табысты еңбек етті. Әлемнің төрт бірдей мемлекетінде Төтенше және Өкілетті Елші қызметтерін абыройлы атқарды.

Өткен жылы Мәжіліске мандат алып келгенімізде Бейбіт Өксікбайұлы ҚР Президентінің Парламенттегі өкілдігінің басшысы қызметінде екен. Кеңсесіне арнайы іздеп барып амандастым. Соңғы рет 2008 жылы Ақпарат министрінің орынбасары болып тұрған кезде қабылдауында болған едім.

Тәуелсіздікті қамтамасыз ететін, мемлекеттің дамуы мен халықтың әлеуметтік игілігіне қажетті түрлі заң жобаларының қабылдануына өзінің күш-қайратын аз жұмсаған жоқ, - деп жазды Әшімжан.

Депутат оның тәжірибелі маман екенін де ерекше атады.

Бюрократ емес. Мемлекетшіл. Кез келген тақырыпта жанарын ойға-қырға алып қашпай, кісінің көзіне тік қарап сөйлейді. Мұндай қасиет көп адамдарда жоқ қой… Ең бастысы - қарапайым. Бұл - мемлекеттік қызметкерлердің бәріне қажет қасиет!

Жыл басындағы "Қаңтар оқиғасы" кезінде де әлдекімдер секілді әліптің артын бақпай, лауазымның шекпенін желбегей жамылып отырмай, сын-сағатта есі екеу, түсі төртеу болған жұрттың жел жағына шығысып теле-радиолардың тікелей эфирінде жүргенін көзіміз көрді.

Парламент Сенатына әлеуметтік сала жөніндегі комитет басшысы болып сайланғанына да көп уақыт болмаса да іргелі бастамалардың басында болды. Енді тағы бір елдік жауапкершіліктің кемесіне мінді. Ұзақ жылдар шетелдерде істеген тәжірибесі де өңірге жаңа инвесторлар тартуда үлкен қолдау болатыны даусыз.

Ең бастысы әкімдік мәнсабы ел-халыққа құтты да қайырлы болғай!, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы