Жаңа Құрылтай: Сарапшылар партиялар арасындағы саяси күштердің арақатынасын бағалады

27 Тамыз 2026, 12:00
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 27 Тамыз 2026, 12:00
27 Тамыз 2026, 12:00
162
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

28 тамызда Астанада бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтеді. Сайлау қорытындысы бойынша бес партия депутаттық мандатқа ие болды: «Әділет» – 110, «Ауыл» – 10, Respublica – 9, «Ақ жол» және ЖСДП – сегіз мандаттан.

Жаңа парламент жұмысы басталар қарсаңында BAQ.KZ сарапшылардан мандаттар осылай бөлінген жағдайда саяси күштер арасындағы қарым-қатынас қалай қалыптасатынын, шағын партиялар қандай рөл атқара алатынын және олар Құрылтай жұмысына қандай тетіктер арқылы ықпал ете алатынын сұрады.

Шағын партияларға қандай рөл қалады

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев мандаттардың басым бөлігі «Әділет» партиясына Құрылтай қызметінің негізгі бағыттарына ықпал етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен бірге ол қалған партиялардың заң шығару процесіне қатысуы тек мандат санына ғана емес, жекелеген депутаттардың комитеттер мен жұмыс топтарындағы белсенділігіне де байланысты болатынын айтады.

«Соңғы шақырылымдағы Мәжіліс тәжірибесі парламент ішіндегі заң шығару жұмысы кезінде айқын партияаралық күрес болмайтынын көрсетеді. Фракциялар арасындағы шекара көмескіленеді, өйткені әртүрлі фракциялардың депутаттары комитеттерге бөлінеді, ал негізгі жұмыс фракциялардың ішінде емес, дәл осы комитеттерде жүргізіледі. Сондықтан бұл партиялардың депутаттарынан заң жобалары бойынша жұмыс топтарына қатысып, әрқайсысы заң шығару қызметіне жеке үлесін қосады деп күтіледі», – деп түсіндірді саясаттанушы.

Оның пікірінше, «Әділет» партиясы Президенттің стратегиялық бағытын толық немесе басым түрде ұстанатын болады. Бұл туралы бұған дейін партия өкілдері де мәлімдеген.

ҚСЗИ Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев те «Әділет» конституциялық басымдыққа ие болған күннің өзінде басқа партиялардың ықпал ету құралдары сақталатынын атап өтті.

«Шағын партиялардың алдында үш негізгі міндет бар: үстем партиямен өзара іс-қимылды жолға қою, партиялардың өзара байланысын қалыптастыру және қоғамдық кеңістікте белсендірек жұмыс істеу», – деп түйіндеді сарапшы.

«Ауылдың» екінші орны

«Ауыл» партиясы туралы айтқан Ғазиз Әбішев оны ең алдымен ауылдық электоратқа бағытталған нишалық саяси бренд деп атады.

«Сайлаушылардың бір бөлігі ауыл мүддесін білдіретін партияға принципті түрде дауыс береді. Меніңше, бұл – менің теориям, әсіресе ауылдық жерлерде тұратындардың арасында ауыл тағдырына ерекше алаңдайтын және белгілі бір деңгейде ауылды қалаға қарсы қоятын адамдар бар», – деді Ғазиз Әбішев.

Азамат Байғалиев те «Ауыл» партиясының тұрақты ұстанымына назар аударды.

Сарапшылар арасында «Ауылдың» 5 пайыздық межеден өтетініне күмән келтіргендер аз болды, – деді ол.

ЖСДП тәжірибесі

ЖСДП нәтижесіне пікір білдірген Азамат Байғалиев партияның белсенді ақпараттық науқан жүргізгенін атап өтті.

«Партия өте белсенді ақпараттық науқан жүргізді.Әлеуметтанулық сауалнамаларға сәйкес, сайлаушылардың көңіл күйіне теледебаттар, партиялардың оған қатысуы және саяси күштер арасындағы пікірталастар қаншалықты әсер еткенін көрдік», - деді ол.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Мәжілісте жұмыс істеуге қажетті тәжірибені жинап үлгерді. Енді көп нәрсе оның партияның кадрлық әлеуетін қалай пайдаланатынына байланысты болмақ.

Respublica және «Ақ жол»

Respublica партиясына келсек, Ғазиз Әбішевтің пікірінше, партия өзінің тұрақты электоратын қалыптастыра алды.

«Оны негізінен орта тап пен кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері қолдайды. Партияның позициясы бизнес пен экономикалық белсенді азаматтардың мүддесін қорғаумен байланысты», – деді саясаттанушы.

Азамат Байғалиев Respublica мен «Ақ жолдың» бизнесті қолдауға қатысты риторикасы ұқсас болғанымен, екі партияның әртүрлі сайлаушылар тобына сүйенетінін айтады.

Respublica партиясын негізінен жастар мен қала тұрғындары қолдайды. Ал «Ақ жолды» көбіне жасы үлкен азаматтар қолдайды, – деді ол.

«Ақ жол» партиясының жағдайын бағалаған Ғазиз Әбішев партияда айтарлықтай кадрлық жаңару болмағанына назар аударды. Соңғы 15 жыл бойы партия іс жүзінде бір құраммен байланыстырылып келеді.

ҚХП мен «Байтақтың» проблемалары

Азамат Байғалиевтің пікірінше, «Байтақтың» Құрылтайға өте алмауы ішкі мәселелермен, танымалдығының төмендігімен және сайлауаралық кезеңдегі жұмысының әлсіздігімен байланысты.

Нақты идеологиялық жүйе қалыптаспаған, партияның қай бағытта келе жатқаны түсініксіз болды, – деді сарапшы.

Ол сондай-ақ партия ішінде бағдарламаның мазмұнына қатысты сұрақтар туындағанын еске салды:

Партиялық бағдарламаның небәрі 3 пайызы ғана тікелей экологиялық мәселелерге қатысты болды.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, экологиялық күн тәртібі әзірге сайлаушылардың кең ауқымын толғандыратын экономикалық және әлеуметтік мәселелерден кейін тұр. Сондай-ақ «Байтақта» өз уәделерін орындай алатын және өзекті мәселелерді тиімді шеше алатын саяси күш ретіндегі бедел қалыптаспаған, - деп есептейді Әбішев.

ҚХП-ның өте алмауын Ғазиз Әбішев партияның өзінің коммунистік мұрасынан түбегейлі алшақтай алмауымен түсіндіреді. Бұл оның қоғамдық имиджіне және сайлаушылар үшін тартымдылығына кері әсер еткен.

Азамат Байғалиевтің пікірінше, партияның күн тәртібі сайлаушылардың басым бөлігі үшін өзекті болмауы мүмкін.

Сонымен бірге ол партияның үгіт-насихат жұмысын жоғары бағалады.

Дауыс беру құқығына ие болып жатқан жас буын өкілдерінің саны артып келеді. Классикалық, қалыптасқан партиялық теориялардың бүгінде әрдайым жұмыс істей бермейтінінің негізгі себептерінің бірі – осы, – деді Байғалиев.

Наверх