Жаңа өндірістер мен инфрақұрылым: Елімізде қандай нысандар іске қосылды?

 20 Шілде 2026, 09:43
20 Шілде 2026, 09:43
329

Қазақстанда экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіпті, логистиканы және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Өткен аптада елдің бірнеше өңірінде жаңа өндіріс орындары, логистикалық кешендер, спорт нысандары және халықаралық әуе бағыты іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы облысында металл конструкциялары зауыты ашылды

Қарасай ауданында құны 4,7 млрд теңгені құрайтын «Almaty W.S.» өндірістік кешені жұмысын бастады. Кәсіпорын жыл сайын 10 мың тонна металл конструкциялары мен 300 мың текше метр тауарлы бетон, сондай-ақ сэндвич-панельдер, модульдік ғимараттар, профнастил, цемент блоктарын, есіктер мен терезелер шығара алады.

Кәсіпорында 80 жұмыс орны құрылды. Өнім ішкі нарыққа жеткізіледі, сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстанға экспорттауға дайындалуда.

Алматыдағы заманауи логистикалық хаб

Қарасай ауданының Көкізек ауылында «Mercury Logistics Solutions» логистикалық кешенінің бірінші кезегі пайдалануға берілді. Бірінші кезең аясында ауданы 44 мың шаршы метр болатын нысандар салынды, инвестиция көлемі 20 млрд теңгені құрады, ал жобаның жалпы құны 70 млрд теңгеге жетеді.

Кешен тауарларды сақтау мен сұрыптаудан бастап маркетплейстерге және клиенттерге дейін жеткізуге дейінгі 3PL-қызметтерінің толық спектрін ұсынады. Құрылыс аяқталғаннан кейін мұнда 1200 жұмыс орны құрылады, оның 135-і қазірдің өзінде ашылған.

Аралдағы құрғақ түйе сүті

Қызылорда облысында «Казах Кэмел» компаниясының түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыты іске қосылды. Жобаның құны 3 млрд теңгені құрады, оның ішінде Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 1,8 млрд теңге жеңілдетілген қаржыландыру берілді.

Кәсіпорынның қуаттылығы – жылына 400 тонна өнім. Зауыт күн сайын жергілікті фермерлерден сатып алынатын 20 мың литрге дейін сүтті өңдей алады. Өндірісте 23 жұмыс орны құрылды, ал өнімді ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша Қытайға экспорттау жоспарлануда.

Аралдағы астық тұзы зауыты

Өңірдегі тағы бір жаңа өндіріс орны жоғары сұрыпты ас тұзын шығаратын зауыт болды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 1,8 млрд теңгені құрады. Кәсіпорын жылына 40 мың тонна тұз өндіріп, ішкі нарықты және көршілес мемлекеттерге экспорттық жеткізілімдерді қамтамасыз ете алады

Зауытта 20 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Түркістан облысында ламинат шығарыла бастады

«Turan» арнайы экономикалық аймағының аумағында құны 5 млрд теңге болатын ламинат өндірісі іске қосылды. Бірінші кезеңде кәсіпорын жылына 840 мың шаршы метр өнім шығарады және 65 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Екінші кезең іске қосылғаннан кейін қуаттылық дерлік үш есеге – 2,4 млн шаршы метрге дейін артып, қызметкерлер саны 150-ге дейін көбейеді.

Ақтөбе облысындағы жаңа спорт кешені

Алға ауданында ауданы 3 мың шаршы метр болатын заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Нысан құрамына жүзу бассейні, футбол алаңы және спорт залдары кірді. Кешен тәулігіне 150-ге дейін келушіні қабылдай алады және балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына арналған жаңа алаңға айналады.

Қазақстан Грузиямен әуе қатынасын кеңейтті

Көлік министрлігі халықаралық бағыттар желісін кеңейтуді жалғастыруда. 14 шілдеден бастап «FlyArystan» әуе компаниясы «Атырау – Батуми» бағыты бойынша тікелей рейстерді орындай бастады. Уақытша ұшулар аптасына бір рет Airbus A320 ұшақтарымен жүзеге асырылады. Жаңа бағыт Қазақстан мен Грузия арасындағы туризм мен іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.

Жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық нысандарды дамыту Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, импортты алмастыру, инвестициялар тарту және өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.

Наверх