Жаңа Конституция әр азаматтың өміріне нақты қандай өзгеріс әкелді?

Бала құқығынан цифрлық құқыққа дейін: Жаңа Конституция әр қазақстандыққа не берді? Басты 5 өзгерісті сараладық.

 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 15:13
Бүгiн 2026, 15:13
107
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан референдум арқылы жаңа Конституция қабылдап, құқықтық жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл құжат тек саяси реформаның нәтижесі ғана емес, азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты өзгерістердің бастауы ретінде бағаланып отыр. BAQ.KZ тілшісі жаңа Ата заңның қоғамға, соның ішінде әр азаматқа қандай мүмкіндік беретінін саралап көрді.

Мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілік күшейді

Жаңартылған Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау негізгі басымдықтардың бірі ретінде қайта нақтыланды.

Бұл – мемлекеттік органдардың жауапкершілігі артып, азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндігі кеңейді деген сөз. Прокуратура органдарының бақылау функциясы күшейіп, әлеуметтік саладағы заңдылықтардың сақталуына ерекше назар аударыла бастады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер «заң бар, бірақ орындалмайды» деген түсініктен арылып, нақты құқық қолдану мәдениетіне көшуге мүмкіндік береді.

Балалар мен отбасы басты құндылық

Жаңа Конституцияда отбасы институты мен бала құқығы ерекше қорғалған. Негізгі заңда неке мен отбасы, ана мен әке, бала мемлекет қорғауында екені нақты бекітілген.

Сонымен қатар ата-аналардың жауапкершілігі де айқын жазылған. Баланы тәрбиелеу мен оған қамқорлық жасау міндет ретінде қарастырылады. Бұл қағида қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа Конституция жобасының 30-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені көрсетілген. Бұл мемлекет баланың әлеуметтік қорғалуы, отбасында өмір сүруі, денсаулығын қорғау, білім алуы және қауіпсіздігіне жауапты дегенді білдіреді, – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.

Балалардың қауіпсіздігі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының біріне айналып отыр. Құқық қорғау органдары бұл саладағы бақылауды күшейтіп, құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын арттырған.

Сондай-ақ білім беру жүйесінде қолжетімділік пен оның сапасына, ерекше мән берілуде. Денсаулық сақтау саласында алдын алу мен ерте диагностика басым бағыт болып қала береді. Әлеуметтік саясатта балалы отбасыларды қолдау шаралары, оның ішінде атаулы көмек көлемі кеңейтіліп жатыр

Қауіпсіздік пен «заң мен тәртіп» қағидаты

Жаңа Конституцияда «Заң мен тәртіп» қағидаты негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілді. Бұл қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің жаңа моделін қалыптастырады.

Саясаттанушы Риззат Тасымның пікірінше, бұл құжат тек нормалар жиынтығы емес, қоғамның ішкі эволюциясының заңдық көрінісі.

Жаңа Конституцияны соңғы нәтиже ретінде емес, үлкен трансформацияның басы ретінде қарастыру қажет. Енді басты сұрақ -қандай ереже қабылданды емес, сол ережелерге кім және қалай бейімделеді, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, жаңа модель саяси элитаға да, азаматтық қоғамға да жаңа жауапкершілік жүктейді.

Цифрлық құқықтар – жаңа дәуір талабы

Жаңартылған Конституцияның маңызды жаңалығының бірі – цифрлық құқықтардың бекітілуі. Бұл Қазақстанның цифрлық трансформация жолындағы стратегиялық бағытын айқындайды.

Енді азаматтардың жеке деректері мен цифрлық кеңістіктегі құқықтары заңмен қорғалады. Бұл өз кезегінде онлайн қызметтердің қауіпсіздігін арттырып, цифрлық ортаға деген сенімді күшейтеді.

Мамандардың пікірінше, бұл норма тек технологиялық даму емес, құқықтық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Экономикаға әсері: жаңа мүмкіндіктер

Жаңа Конституция тек әлеуметтік және құқықтық салаға емес, экономикалық даму бағытына да әсер етеді.

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, заңдардың сапасы мен тұрақтылығы инвестициялық ахуалға тікелей ықпал етеді.

Ережелер түсінікті әрі әділ болған жағдайда, бизнеске деген сенім артады. Нәтижесінде жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейеді, - дейді ол.

Сарапшы сондай-ақ арнайы құқықтық режимдер арқылы экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік туатынын атап өтті. Бұл жаңа технологиялық жобалардың іске қосылуына жол ашады.

Қатысушы қоғамға көшу

Жаңа Конституция азаматтардың қоғамдағы рөлін де өзгертеді. Енді адамдар тек бақылаушы емес, қоғамдық және саяси процестердің белсенді қатысушысына айналуы тиіс.

Сарапшылар бұл өзгерісті «көрермен қоғамнан – қатысушы қоғамға көшу» деп бағалайды. Бұл бағытта жастардың саясатқа келуі, азаматтардың пікір білдіру мүмкіндігінің артуы маңызды рөл атқарады.

Бұған дейін Қазақстан Конституциясы Брайль қарпінде және аудио форматта ұсынылғанын хабарладық.

Тағы оқи отырыңыздар:

Қазақстанның жаңа Конституциясы: Балалар мен отбасы институтын қорғау қалай күшейтілді 

Үкімет Конституцияны түсіндіру жоспарын бекітті: Енді не өзгереді?  

Наверх