Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған кітап апталығы барысында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа басылымының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басылым қазақ және орыс тілдерінде Брайль қарпінде, сондай-ақ аудионұсқада әзірленген. Іс-шара кезінде кітапхана қызметкерлері бедерлі-нүктелі қаріппен кітап дайындау үдерісін таныстырып, оның кезеңдерін көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама маңызды мемлекеттік құжаттарды барлық азамат үшін қолжетімді етуге бағытталған.
Айта кетейік, Конституция елдің тәуелсіздігін нығайтуға, саяси жүйені жаңғыртуға және қоғам дамуының жаңа үлгісін қалыптастыруға негіз болатын басты құжат саналады.