Жаңа дәуір жаттықтырушысы

Жаңа дәуір жаттықтырушысы
811

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Монголияның бокс спортындағы жаңадан түлеп келе жатқан жас жаттықтырушының бірі – Еркін Жамантайұлы.

Жақында Моңғолия астанасында Моңғолияның еңбек сіңірген бапкері Б. Олзод атында жасөспірімдер арасында ел біріншілігі Сонгинохайрхан аумағындағы спорт кешенінде өтті. Моңғолия бұлғары қолбақ шеберлерінің ізбасарлары саналатын Чингэлтэй аумағы әкімі жанындағы үздік жасөспірімдерден құралған «Хилчин» («Шекарашы» –Е.Ж.) спорт клубының спортшылары бұл бәсекеде 3 алтын алса, жаттықтырушы Еркін Жамантайұлы «Үздік бапкер» атанды.

Еркін Жамантайұлы шілденің соңында Ресейдің Владивосток қаласында өтетін «Азия балалары» бәсекесінде Монголия құрамасын бастап барады. 

Ол бокспен 22 жасынан шұғылдана бастағанына қарамастан, монгол бокс өнерінде 54, 57, 60 кг салмақтарда қарқынды өнер көрсетті.

2012-2016 жылдары ұлттық құрамада өнер көрсетіп, «Химийн цом» («Химия кубогы» - Е.Ж.) гран-приінде қола, Улаан-Үд қаласында өткен халықаралық бәсекеде үздік атанса, Қазақстанда өткен бірнеше халықаралық турнирдің жеңімпазы, алтын, қола медаль иегері атанған Халқаралық дәрежедегі спорт шебері. 

Еркін олимпияданың және әлем чемпионатының күміс медалін иеленген озат спортшы Н. Төгсцогт, студентер арасында өтетін Әлем чемпионатының екі мәрте күміс медалін иеленген Халқаралық дәрежедегі спорт шебері Э. Идэрхүү Азия чемпионы, Халқаралық дәрежедегі спорт шебері Х. Энхамар қатарлы үздіктермен бір салмақта ойын көрсетіп, өз шеберлігін таныта білді.

Ол 2016 жылдан бастап бапкерлік қызметке ауысып, жасөспірімдерді бокс спортының қыр-сырына қанықтырып келеді.

Моңғолия боксының тарихында жасөспірімдер арасынан алғаш рет Азия чемпионы атанған қыз – Т. Номин-Эрдэнэ Еркін Жамантайұлының шәкірті болатын. 2019 жылы қазан айында БАӘ-де өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Т. Номин-Эрдэнэ алтыннан алқа тақты. 

2022 жылы наурыз айында Йорданның астанасы Амманда болған жамөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Ы. Мандал есімді шәкірті қола медаль иеленген. 

Еркін Жамантайұлы биыл сәуір айында Э. Төгсбилэг, Ц. Мандал, Д. Тэнгис, Ц. Мандах, Ц. Лхам қатарлы шәкірттерімен елімізде екі айдай уақыт болып, жол қатынасына байланысты азды-көпті кедергіні, қиыншылықты бастан кешірді. Сол аралықта ол текке жатпай, елімізде өткен бірнеше турнирге қатысып, 15 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль иеленіп қайтты. 

Бапкер болудың азды-көпті қиыншылығы болатыны белгілі, десе де, шәкіртерімнің жетістігін көргенде, олардың болашақта іске асырсам деген үлкен армандарын көргенде жігерлене түсесің. Жеңіске деген ұмтылыс күш қуат беред – дейді бапкер қандасымыз. 

Ол шетелде өтетін бәсекелерге «Хилчин» спорт клубы, Улаанбаатар қаласы Чингэлтэй аумақтық әкімінің іс басқармасы, спортшы балалардың ата-аналары ерекше қолдау көрсететінін айтады.

Оларға алғысым шексіз. Бізге сенім артқан адамдардың көмегімен сенімін ақтауға барымызды саламыз. Оны ақтаудың бір ғана жолы – шәкіртерімнің жеңісі. Ал мен шәкіртімнің жеңісі үшін барымды саламын! – дейді Еркін Жамантайұлы.

Еркін Жамантайұлы Моңғолияның батысындағы қазақтар көп қоныстанған Баян-Өлгий аймағының Цэнгэл ауылында дүниеге келген. Ол 2019 жылы Моңғолияның үздік жаттықтырушысы атағына ие болған.


Фото: дереккөз