Жамбылдық диқандар картоптың жаңа сұрпын жерсіндіруде

20 Мамыр 2019, 15:50
2055
Бөлісу:
Жамбылдық диқандар картоптың жаңа сұрпын жерсіндіруде

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Жамбыл облысына Ресей Федерациясы мен Қазақстанның солтүстік облыстарынан картоптың жаңа сұрыптары әкелініп, жерсіндірілуде. 

Ал Жуалы ауданы орталығына жақын Мыңбұлақ ауылдық округінің диқандары аталған дақыл түрін 300 гектарға жуық алқапқа орналастырып үлгерген. 

«Ренат» шаруа қожалығы 2000 жылдан бері картоп өсірумен тұрақты айналысып келеді. Роберт Панштейль басқаратын шаруашылық күздік бидайды – 30, ал арпа мен мақсары дақылын 120 гектар жерге сепкен. Олар енді картоп егуде. 

«Былтыр еккен картобымыздың гектар қайтарымы орташа есеппен 230-250 центнерден айналды. Биыл да осы межеден көрінсек дейміз. Негізінен «Аладдин», «Кроне», «Импала» сұрыптарын егіп жатырмыз. Оның екі сұрыпын Қарағандыдан алып келдік. Ал «Импаланы» алғаш рет жерсіндірмекпіз. Бұл тұқымнан Ресейдің Свердловск облысында жақсы өнім алынғанынан хабардармыз», - деді агроқұрылым басшысы. 

Роберт Панштейль қант қызылшасын егуді де жоспарлап отырғандарын айтты. Күтімі келіссе, аз аумақтың өзінен мол өнім жинап алуға болады. 

Сондықтан шаруалар ауыспалы егіс жүйесін қолданып, алқаптарға тыңайтқыш беріп, жердің тозып кетпеуін қадағалап отыр. 

«Қант қызылшасы сияқты, картоп өсіруге де мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, субсидия берілсе дұрыс болар еді», - деген ұсынысын да жеткізді «Ренат» шаруа қожалығының жетекшісі.


Өзгелердің жаңалығы