Жамбылдық балалар ашық аспан астында демалады

14 Маусым 2020, 17:48
1489
Бөлісу:
Жамбылдық балалар ашық аспан астында демалады

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары карантин режиміне байланысты ыңғайластырылып жатыр. Мәселен, экскурсиялар мен балалардың бос уақытын шатырлы, киіз үйлі лагерьлерде өткізу жоспарланған.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова айтты. Оның айтуынша, жергілікті бас мемлекеттік дәрігердің қаулысымен қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінің қызметіне тыйым салынған. Алайда, өңірдегі аудандық және Тараз қалалық білім бөлімдері жаз мезгілінде 5 607 оқушымен арнайы бекітілген бағыттар бойынша экскурсиялар ұйымдастыратын болады.

Мысалы, аудан шеңберінде, ауданнан ауданға және Шымкент, Түркістан қалаларына да жергілікті жедел штабтардың рұқсатымен экскурсия жоспарланған. Жамбыл облысындағы тарихи-мәдени орындармен танысу мақсатында оқушылардың экскурсиясына Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов және Сарысу аудандарының қажетті қаражаты әлі де нақтыланған жоқ. Ал Байзақ, Меркі, Мойынқұм, Талас, Шу аудандарының және Тараз қаласының жергілікті бюджеті есебінен болжамды 51 миллионнан аса теңге бөлінді, - деді басқарма басшысы.

Жауапты маман соның ішінде Меркі ауданы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып 16 маусымнан бастап әлеуметтік көмекті қажет ететін санаттағы оқушылардың экскурсиясын ұйымдастыру жоспарын бекітіп қойғанын айтты. Осылайша, маусым айының аяғына дейін 30 баладан тұратын 4 топ құрылып, танымдарын кеңейтіп қайтады. Сонымен қатар, 1 маусымнан бастап әулиеаталық 48 мектептен тыс мекемеде "Онлайн демалыс" бағдарламасы бойынша түрлі бағыттағы үйірмелермен 37 685 оқушы қамтылған.

Меркі ауданы "Жұлдыз" балалар лагерінің маңынан таулы алқапта екі киіз үй тігіп, 15 баладан қамтуды көздеп отыр. Шу ауданы Тасөткел ауылынан екі шатырлы лагерь құрып, 6 ауысыммен 100 девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерге арналған әскери-спорттық бағытта жұмыс жүргізетін болады. Тараз қаласы мен Сарысу ауданы шатырлы лагерьлердің жұмысын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырып, конкурс жариялау үшін құжаттарын рәсімдеу үстінде. Ал қалған 7 аудан – Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Талас аудандары жергілікті бас санитариялық дәрігердің "Жамбыл облысы аумағындағы карантин тәртібін кезеңдік босаңсыту" қаулысына сәйкес ашық аспан астындағы лагерьлерін ұйымдастырмайтын болды, - деді Гүлнәр Махайқызы.

Жауапты маман шатырлы лагерьлерді 3-4 сағаттық бағытта ұйымдастыруда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір мәселені шешу қажеттігін де алға тартты. Ол үшін алдымен палатканы немесе киіз үйді орнататын аумақтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін анықтау керек. Екінші, палаткалар немесе киіз үйлер құрылатын аумақта залалсыздандыру шаралары жүргізілуі тиіс. Себебі, жыл мезгіліне сәйкес аумақта кене және қарақұрт секілді зиянды жәндіктер балалардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Үшіншіден, эпидемиологиялық мамандардың жергілікті жедел штабтармен бірлесіп короновирустық инфекциямен ауырған адамдармен қарым-қатынаста болмағандығы туралы анықтамасыз балаларды және топ жетекшісін жинауға болмайды, - деп толықтырды сөзін Гүлнәр Қожабергенова.

Өзгелердің жаңалығы