Жамбылдық сайлаушылардың 90%-дан астамы таңдау жасады

25 Шілде 2021, 22:06
2267
Бөлісу:
Жамбылдық сайлаушылардың 90%-дан астамы таңдау жасады

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы бойынша аудандық сайлау комиссияларының мәліметтеріне сәйкес, 38 ауылдық округ бойынша 111 кандидат бүгінгі сайлау науқанында дауысқа түсті.

Бұл туралы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, кандидаттардың 71-ін саяси партиялар ұсынған, 40-ы өзін-өзі ұсынғандар. Гендерлік құрамына келсек, үміткерлердің 88-і – ер азаматтар, 23-і – әйелдер.

Ең көп кандидат Жамбыл ауданында тіркелді, олар  Ерназар және Қаратөбе ауылдық округтерінде, яғни бір орынға 4 кандидат таласты, - деп атап өтті Серғали Өмірзақұлы.

Жамбыл облысы бойынша аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы ұсынған деректерге сүйенсек, бүгін кешкі сағат 20.00-дегі жағдай бойынша сайлау тізімдеріне енгізілген 104 391 сайлаушының 94 642-сі сайлау бюлетендерін алған. Бұл сан жалпы сайлаушылардың 90,66 %-ын құрайды.

Жамбыл облысы аумағында жасақталған 89 сайлау учаскесінде 557 саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары, БАҚ өкілдері сайлау процесін байқауға қатысты. Саяси науқан барысында ресми түрде арыз-шағымдар тіркелген жоқ, - деді С.Айдапкелов.

Ол бүгінгі сайлауда дауыс бергендердің ішінде ең жасы үлкені Меркі ауданындағы сайлаушы 101 жастағы қария Ахметова Жамбылгүл екенін де айтты. Ол Андас батыр ауылдық округінде орналасқан №297 сайлау учаскесі арқылы үйінде дауыс берген. Талас ауданындағы 98 жастағы Төребекова Сәрсекүл де Бостандық ауылдық округінің  Талапты ауылынан, № 393 учаскенің жылжымалы жәшігіне үйінен бюллетень тастапты.

Мойынқұм ауданында тұратын  Абдикеримов Серік те 83 жаста. Ол Көкжелек ауылындағы №310 сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасады. Жамбыл ауданында үйден дауыс берген Тұткышбеков Кенен  92 жаста. Қарт сайлаушының үйінен дауыс беруіне мүмкіндік жасалды, - деп атап өтті спикер.
Өзгелердің жаңалығы