Жамбылда 71 білім беру ұйымына лицензия берілген жоқ

17 Маусым 2023, 10:40
632
Бөлісу:
Жамбылда 71 білім беру ұйымына лицензия берілген жоқ
Фото: BAQ.KZ Архив

Биыл Жамбыл облысындағы 32 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына, 16 балабақшаға және 55 мектепке мемлекеттік аттестаттау жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Нәтижесінде 5 колледж, 5 балабақша және 3 мектеп алғашқы аттестаттаудан өткен. 27 колледж және 35 мектепке аймақтағы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан әдістемелік көмек беріліп, кемшіліктер жойылды.

Департамент басшысы Дәмеш Өскембаеваның айтуынша, аттестаттау кезінде материалдық-техникалық базаның болуы, жұмыстық оқу жоспарының үлгілік оқу жоспарына сәйкестігі, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің даму мониторингі, перспективалық жоспары, жас ерекшеліктерінің сақталуы, оқу жүктемесіне қойылатын талаптар, 4, 9-сынып білім алушыларына арналған тестілеу нәтижесі зерделенеді. Бүгінде балабақшаларға мемлекеттік аттестаттау жүргізіліп жатыр.

Біздің ведомствоға жылдың басынан бері «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қоры» ақпараттық жүйесі арқылы 116 өтініш түсті. 3 мемлекеттік 3 жекеменшік мектепке бас лицензия берілді, 18 мектеп пен 15 колледждің лицензиясы қайта рәсімделді, 6 мектепке лицензияға қосымша берілді. 71 білім беру ұйымы лицензиялау талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты дәлелді түрде бас тарттық. Өңірде 40 жекеменшік мектеп білім беру қызметімен айналысуда. Оның ішінде Қордай ауданында – 18, Тараз қаласында – 16, Жамбыл ауданында – 2, Меркіде – 2, Байзақта – 1, Шу ауданында 1 жекеменшіктегі мектеп бар, - деді Дәмеш Шайхықызы.

Департамент пен Жамбыл облыстық білім басқармасының бірлескен жұмысының нәтижесінде аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында 13 мектептің құрылысы басталады екен. Олардың 4-еуі Тараз қаласында болса, Қордай ауданында – 3, Байзақ ауданында – 2, Шуда – 2, Жамбылда – 1, Меркі ауданында 1 мектеп ірге қаламақ.

Спикер биылдыққа педагогикалық әдеп және педагогтің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңесші органның 4 отырыс өткенін, онда педагогикалық әдеп қағидаларын сақтау нормаларын бұзған 3 білім беру ұйымы басшыларының іс-әрекетін қаралғанын атап өтті. Нақты шешім қабылдау бойынша білім басқармасына ұсыныстар берілген. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарына «Педагог мәртебесі туралы» заң мен Оқу-ағарту министрінің «Педагог құқықтарының бұзылуына жол бермеу туралы» бұйрығының талаптарын қатаң сақтау талап етілген.

«Педагог мәртебесі туралы» заң 2019 жылы қабылданғанын еске салған Дәмеш Өскембаева осы құжат талаптарын сақтамағаны үшін 2020 жылы – 10, 2021 жылы – 12, былтыр 7 әкімшілік іс қозғалғанын айтты. Ал 2023 жылдың осы кезеңіне дейін ешқандай өтініш түспеген.

Өзгелердің жаңалығы