Жамбылда 32 тұрғын үй нысанның құрылысы жүргізілген

30 Қаңтар 2019, 13:35
2158
Бөлісу:
Жамбылда 32 тұрғын үй нысанның құрылысы жүргізілген

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысы саласында 32 нысанның құрылысы жүргізілген. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров мәлімдеді. 

«2018 жылы құрылыс саласындағы тиімді индикаторлар көрсеткішіне тоқталсақ, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 480,5 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 125,6 млрд теңгені құрады. Бұл біздің көрсеткіштер бойынша 105% құрап отыр. Бюджеттін орындалуына келер болсақ, 2018 жылы облысымызда құны 28,5 млрд теңгені құрайтын 124 инвестициялық жобаның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде, 93 нысан құрылысы аяқталып, 31 нысан 2019 жылға өтпелі болды», - деді басқарма басшысы. 

Оның айтуынша, білім саласында 15 нысанның құрылысы жүргізіліп, 10 нысан пайдалануға берілсе, қалған бес нысан 2019 жылға өтпелі болған. Сондай-ақ, аталған нысандар бойынша бөлінген 4,5 млрд теңге толықтай игерілген. 

«Денсаулық сақтау саласында құрылысы жүргізілген 10 нысанның 9 құрылысы аяқталып, 1 нысан осы жылға өтіп отыр. Бұл нысандарға 803,5 млн теңге бөлінген болатын. Бұдан бөлек, аталған сала бойынша құны 1 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 29 жоба жүзеге асырылды. Бұл ауылдық жерлерде медициналық пунктар мен амбулаториялық мекемелер ашылуын қамтамасыз етті», - деді Жайықбай Шалдаров.

Сонымен қатар, ұсынылған ақпаратқа сәйкес, облыста ауыз сумен қамту саласында 19 нысанның құрылысы жүргізілген. 11 нысан өткен жыл пайдалануға берілсе, қалған 8 нысан осы жылға өтіп тұр. Аталған нысандарға бөлінген 8,2 млрд теңге толықтай игерілген. 

«Тұрғын үй құрылысы саласында 32 нысанның құрылысы жүргізілді. Өткен жылы 22 нысан пайдалануға берілді. Осы 2019 жылы қалған нысандардың құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Аталған нысандарға 7,8 млрд теңге бөлініп, бұл қаражат толық игерілді», - деді спикер.

Ақмарал Шағатай

Өзгелердің жаңалығы