Жамбыл тұрғындарына жолдардың жабылуына қатысты ескерту жасалды

15 Желтоқсан 2023, 12:39
713
Бөлісу:
Жамбыл тұрғындарына жолдардың жабылуына қатысты ескерту жасалды
Фото: Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ауа-райының күрт нашарлауына (температураның төмендеуі, қарлы боран, көрудің нашарлығы) байланысты 12 желтоқсан бастап кезең-кезеңімен республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолдар жабылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

13 желтоқсанынан бастап Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша арнайы құрылған өңірлік жедел штаб жұмыс істеуде.

Бүгінгі таңда құтқару жұмыстарының нәтижесінде 5 мыңға жуық адам құтқарылды. Қаза тапқандар туралы ақпарат тіркелген жоқ.

Соңғы екі сағаттың ішінде құтқарушылар күшімен 100-ден астам адам,  48 жеңіл автокөлік эвакуацияланды.

Құтқару жұмыстары жалғасуда. Ол үшін 171 адам және 76 бірлік техника жұмылдырылды. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылған.

ТЖМ облыстық департаменті жанынан жедел көмек желісі іске қосылды.

Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылды.

«Жамбыл электр желілері» ЖШС электр желілерін қалпына келтіру үшін 23 авариялық-құтқару жасағы мен 27 арнайы техника жұмыс істеуде. Газ құбырлары бойынша апаттар тіркелген жоқ, штаттық режимде жұмыс істеуде.

Жамбыл облысының басқа елді мекендеріндегі жағдай тұрақты.

«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, алдағы күндері желдің 30 м/с дейін ұйытқуы жалғасады деп күтілуде. Тұрғындардан жолдардың жабылуына қатысты ескертулерді мұқият сақтауды және қолайсыз ауа-райы кезінде жолға шықпауларын сұранамыз. Өкінішке қарай, бүгінде жүргізушілер жолдағы блок-бекеттерді айналып өтуге тырысқан жағдайлар анықталуда, соның салдарынан олар өздерін және құтқарушылардың да өмірін қатерге түгіуде. Сондай-ақ, тұрғындарды тек ресми ақпараттарға сенуге шақырамыз! - деді Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров.

Өзгелердің жаңалығы