Байзақ ауданында жер телімі заңсыз ит панажайы ретінде пайдаланылған. Уәкілетті орган қызметкерлері заң бұзушылықты жоспардан тыс тексеру кезінде анықтады.
Сотта анықталғандай, шаруа қожалығын жүргізуге арналған ауданы 0,53 га жер телімінде тиісті құрылыстар салынып, ит панажайы ретінде пайдаланылған.
Меншік иесіне бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілгенімен, ол оны орындамаған. Сонымен қатар, құқық бұзушы кінәсін толық мойындады, бірақ бұзушылықтарды жою шаралары қабылданып жатқанын түсіндіріп, соттан өзін жауапкершілікке тартпауды сұрады, – деді Жамбыл облысының Байзақ аудандық соты.
Сот кінәні мойындауды жеңілдететін мән-жай деп танып, ауырлататын жағдайлардың жоқтығын ескерді.
Сот қаулысымен ер адам ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігі (заңды талаптарды немесе нұсқамаларды орындамау немесе тиісінше орындамау) бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды, - деп нақтылады соттың баспасөз қызметі.
Қаулы заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда жүкті әйелді қаңғыбас иттер қауып алғаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
FlyArystan ұшағы Шымкент әуежайында итті қағып кетті
Бұралқы иттер туралы заң: Сенат пікір білдіруге әлі дайын емес
Қаңғыбас иттерге бөлінген миллиардтар қайда? Депутаттар тексеру жүргізуді талап етті