Жамбыл облысында мемлекеттік кәсіпорынның бас бухгалтеріне үкім шықты

17 Шілде 2023, 20:32
729
Бөлісу:
Жамбыл облысында мемлекеттік кәсіпорынның бас бухгалтеріне үкім шықты
Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының прокуратурасы «Құлан-Энерго Жылу» ШЖҚ КМК бас бухгалтерінің 7 миллион теңге жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Аудан прокуратурасы «Құлан-Энерго Жылу» ШЖҚ КМК қызметіне бюджет қаражатын жұмсау мәселесіне талдау жүргізді.

Талдау барысында кәсіпорынның бас бухгалтері төлем тапсырмаларымен КМК-ның бюджет қаражатын өзінің карточкалық шоттарына аударғаны анықталды.

Бұл ретте, өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында төлем тапсырмаларының бағанына тауарлар, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметтер үшін төлемдер ретінде төлемнің мақсатын көрсеткен.

Осы факті бойынша аудан прокуратурасы ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін тапсырылды.

Тергеу аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Аудандық соттың 23.06.2023 жылғы үкімімен кәсіпорынның бас бухгалтері қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалып, сондай-ақ коммерциялық және өзге де ұйымдарда 3 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді. Заңсыз аударылған ақша мемлекетке толық көлемде қайтарылды, - деп хабарлады Тұрар Рысқұлов ауданының прокуратурасы.

Өзгелердің жаңалығы