Жамбыл облысында қант қызылшасын өсірудің жаңа тәсілдері таныстырылды

7 Тамыз 2019, 20:34
1691
Бөлісу:
Жамбыл облысында қант қызылшасын өсірудің жаңа тәсілдері таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында қант қызылшасына арналған дала семинары өтті, деп хабарлады "ZhambylNews.

Соңғы жылдары аймақта қант қызылшасын өсіруге баса мән беріліп, жергілікті шаруалардың байырғы кәсібінің бойына қан жүгірді. Алайда, инновациялық технологияларды енгізу арқылы тәтті түбірден мол өнім алуға болатынын түсінген диқандарға қазіргі уақытта тәжірибе жетіспеуде. Осыған байланысты жыл сайын облыста арнайы семинарлар ұйымдастырылып, қызылшадан қыруар пайда табатын шаруалар білгендерін басқаларға үйрете отырып, өзара тәжірибе алмасып келеді. 

"Семинарға қатысушылар алдымен «Трансфер» шаруа қожалығының тамшылатып суару әдісімен өсірілген қант қызылшасы алқабын көрді. Өз кезегінде шаруашылық басшысы Владимир Бондаренко 11 гектарға егілген «Тиссерин» сұрыпты тәтті түбірді күтіп-баптаудың қыр-сырларымен таныстырды. Одан кейін қатысушылар «Сыпатай батыр» ЖШС-нің 100 гектарға жаңбырлатып суару әдісімен отырғызылған қант қызылшасы алқабына барды. Мұнда серіктестік басшысы Қанат Шайхиев «Тиссерин» сұрыпты дақылын органикалық заттармен қоректендіру, суару сияқты тәсілдерін түсіндірді", - делінген таратылған ақпаратта.

Жалпы биылғы жылы аймақта 5,6 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылса, оның 2,0 мың гектары Меркі ауданына тиесілі. Сондықтан меркілік шаруалар жылдағыдай мол жинаймыз деп отыр.

Семинар Сұрат ауылындағы ауылдық клубта қорытындыланды. Жиын барысында Түркиядан арнайы келген компания өкілдері қант қызылшасы тұқымы технологиясының ерекшеліктерімен таныстырса, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуды субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдауларды атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы