Жамбыл облысында еріктілер мұқтаж отбасына баспана салып берді

21 Шілде 2021, 20:17
2122
Бөлісу:
Жамбыл облысында еріктілер мұқтаж отбасына баспана салып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Тұрар Рысқұлов ауданыны Луговой ауылында тағы бір баспананың кілті табысталды. 

Тұрғын үйдің құрылысына ерікті жастарымен құрылған «Жан жылуы» қайырымдылық қорымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және де қарапайым ауыл тұрғындары үлес қосқан.

«Асарлатып үй салу» жобасымен ауданда өткен жылы жоспарланған 16 үйдің 14-і салынған. 2 дайын үй сатып алынып, мұқтаж отбасыларға тапсырылған болатын. Биыл тағы да 15 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жамбыл облысында еріктілер мұқтаж отбасына баспана салып берді

Жоба аясында демеушілердің көмегімен Луговой ауылының тұрғыны, ерекше бала тәрбиелеп отырған Дария Тулендиева баспаналы болды.

Жамбыл облысында еріктілер мұқтаж отбасына баспана салып берді

Қоныстой иесін құттықтау үшін игі іс-шараға аудан әкімі, ардагерлер мен қайырымдылық шарасына ат салысқан жандар қатысты.

Баспана кілтін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов табыстап, бірлік бар жерде тірлік бар екенін тілге тиек етіп, асарлатып үй салған ауыл тұрғындарына алғыс айтты.

Тұрғын үйдің бой көтеруіне айрықша үлес қосқан ауыл азаматтары мен кәсіпкерлерді аудан әкімі Ерболат Садырқұлов алғыс хаттармен марапаттады.

Жаңа баспананың құрылысы 3 айда аяқталған. 5 миллионға жуық қаражат жұмсалған. Ауыл кәсіпкерлері, сырттағы аудан тумалары, жастар мен ауданның жанашыр азаматтарының демеушілік көрсетуімен жүзеге асқан бұл жоба мұнымен тоқтамай, алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Өзгелердің жаңалығы