Жамбыл облысында 436 млрд теңгенің он бір жобасы іске асырылатын болады

21 Маусым 2021, 13:03
6050
Бөлісу:
Жамбыл облысында 436 млрд теңгенің он бір жобасы іске асырылатын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде есеп беру кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.

Оның айтуынша, облыстың соңғы бес айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсетіп, 101,6%-ды құрады.

Өздеріңіз білесіздер, экономиканың өсімі өндіріске, ауыл шаруашылығына, құрылысқа, экономикаға тартылған инвестицияға байланысты. Облыстың алдында қазір өнеркәсіптік өндірісті ұлғайту мақсаты тұр. Біздің жоспарымыз - облыста кем дегенде 543 млрд теңгенің өнімін шығару. Биыл 436 млрд теңгенің он бір жобасы іске асырылатын болады. Экономикаға 541 млрд инвестиция тарту көзделген. Қазіргі күні аталған жобалардың құны 74 млрд болатын бес жобасы жүзеге асырылды. Олардың қатарында «Еврохим», «Қазфосфад», каустикалық сода шығару, неміс инвесторларымен бірігіп алтын өндіру жобалары бар, - деді ол. 

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, облыста құрылған арнайы экономикалық аймақ пен индустриялық зоналар осы мақсатта пайдаланылуы керек.

Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақта картоп өнідірісі қолға алынды, сонымен қатар гербицид өндіретін зауыт жұмыс істеп жатыр. Алты компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Солардың көмегімен жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады, - деді ол. 

Облыс басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына құны 75 млрд теңгенің 224 жобасы енгенін атап өтті. Олардың ішінде 54 млрд теңгенің 166 жобасы қаржыландырылды. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде аймақта 2800-ден астам жұмыс орны ашылатын болады деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы