Жамбыл әкімі шаруалардың жұмысымен танысты

4 Сәуір 2023, 22:37
789
Бөлісу:
Жамбыл әкімі шаруалардың жұмысымен танысты
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Т. Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, бірқатар жеке қосалқы шаруашылықтарды аралады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алдымен аймақ басшысы Абай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты.

Құрамында Көкарық және Еңбекші ауылдары бар окгугте 2 мыңнан астам тұрғын бар. Жергілікті жұртшылықтың негізгі кәсіп көзі - егін және мал шаруашылығы.

Кездесуде ауылдықтар тарапынан түскен сұрақтарға аймақ басшысы облыстық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып жауап берді.

Айта кетейік, аталған ауылдық округ «Ауыл аманаты» жобасына енген болатын. Округ тұрғындары аталған жобаның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, игілігін көре бастағандарын ризашылықпен жеткізді.

Облыс әкімі жобаға енген ауылдардағы әлеуметтік мәселелерді де кешенді түрде шешу қолға алынатынын жеткізді.

Дәл осындай кездесу Луговой ауылдық округінде өтті.

Облыс әкімі округтегі сапар соңында «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсібін дөңгелетіп отырған бірнеше азаматтардың шаңырақтарына арнайы барып, тұрмыс-тіршілігімен танысты. Өткен жылы құрылған «Сансызбаев» жеке кәсіпкерлігінде бүгінде 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шаруашылық басшысы Азат Нұрматұлы жоба аясында 7 миллион теңгеге қол жеткізіп, 25 бас қой мен 18 бас сауынды сиыр сатып алған. Ал Гаухар Қыдырова болса, 6 миллион несие алып мал бордақылау ісін дамыту үстінде.

Аймақ басшысы ауданға жасаған жұмыс сапарының соңында Өрнек ауылдық округіне қарасты «Ернар» шаруақожалығының меншігіндегі егістік алқабында болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Шаруа қожалықтың төрағасы Рысбек Рахматилдаевтың айтуынша, қазіргі таңда дақылдарды отырғызу жұмыстары басталып кеткен.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда өздерінің 25 техникасы бар екенін айтып, шаруашылыққа қажетті техника санын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды. Айта кетейік, өткен жылы облыста су үнемдеу технологиялары 50,9 мың гектар жерге енгізілсе, оның 34,8 мың гектарына тамшылатып суару, 16,1 мың гектарына жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылған. Ал, ағымдағы жылы суды үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемін 57,0 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.

Мұнда облыс әкіміне ауданның ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Аудан аумағында биыл егістік алқап 5500 гектарға артуда. Көктемгі дала жұмысына барлығы 445 трактор жұмылдырылған. Өткен жылы техника 13 пайызға жаңарған.

Аймақ басшысы жергілікті шаруалармен кездесіп, мемлекеттік қолдаулар барлық ауылға жететінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы