Жамаубаев жеке тұлғалардың банкроттығына өзгерістер енгізу қажеттігін айтты

20 Қазан 2023, 11:00
717
Бөлісу:
Жамаубаев жеке тұлғалардың банкроттығына өзгерістер енгізу қажеттігін айтты
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжілістегі парламенттік тыңдауда Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеке тұлғалардың банкроттығы процедурасының кейбір тұстарын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, несие проблемасын шешу тетіктерінің бірі – жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану.

Оның ішінде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны – соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша ғана қолдануға болады.

Биыл 3 наурыздан бастап 68 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 55 мыңы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Негізгі себептері: мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеу. Нәтижесінде бүгінгі таңда 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгініп, 35-тен астам банкроттыққа қатысты шешім шығарылды, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Дегенмен, жекелеген борышкерлер кейбір кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін қолдана алмай отыр.

Осыған байланысты министр келесідей нормаларды ұсынды:

1) соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту;

2) азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату;

3) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден өтініш берушінің 12 ай ішінде кредиторлар алдында өтеудің болмау фактісін растауды алып тастау;

4) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау.

Еске сала кетейік, осыған дейін 8,4 млн-нан астам қазақстандықтың несиесі бар екені айтылды. Мәжілістегі парламенттік тыңдауда палата спикері Ерлан Қошанов несие бойынша cыйақы мөлшерлемесін төмендетуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы