8,4 млн-нан астам қазақстандықтың несиесі бар

20 Қазан 2023, 10:22
1091
Бөлісу:
8,4 млн-нан астам қазақстандықтың несиесі бар
Фото: Арман Мухатов - архив

Бұл туралы Мәжілістегі парламенттік тыңдауда палата спикері Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Мемлекет басшысы Жолдауында несие мәселесіне кеңінен тоқталып, оны шешу жолдарын қарастыру туралы тапсырма берген болатын. Депутаттар да бұл түйткілмен жақсы таныс. Өйткені, біз аймақтарға жиі шығамыз. Менің өзім де талай өңірде болып, халықпен жүздестім. Көбінің айтатыны бір нәрсе, ол – несиеге тәуелділік. Бұл, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналып тұр, - деп атап өтті Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар ол қанша қазақстандықтың қарызы бар екеніне тоқталды.

Қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 млн-нан астам адамның қарызы бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді. Жасыратыны жоқ, көптеген азамат өзінің қаржылық құқығын біле бермейді.

Егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай. Ең бастысы бұл әр азаматқа, әр отбасына тікелей қатысты өткір мәселе. Сондықтан біз бұл проблеманы мұқият зерттеп, оңтайлы шешімін табуымыз керек, - деді Ерлан Қошанов.

Еске сала кетейік, бүгін Мәжілісте халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы парламенттік тыңдау өтіп жатыр. Оған Парламенттің қос палатасының депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық банктің басшылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысуда.

Өзгелердің жаңалығы