Жамаубаев салықтық декларация қалай өтетінін айтты

27 Сәуір 2021, 10:00
1709
Бөлісу:
Жамаубаев салықтық декларация қалай өтетінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты.

100 нақты қадам - Ұлт жоспарының 42-қадамына сәйкес, кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей салықтық декларациялау жүргізу көзделген. Жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру болып табылады. Мұндай жүйе көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған, сондай-ақ бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге ықпал етеді, - деді ол.

Министрдің айтуынша, салық салынатын базаны төмендету мақсатында жеке тұлғалар әлеуметтік салық шегерімдерін қолдана алады.

Азаматтардың тиісті шығыстары болған кезде табыс салығының мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Декларациялау кезең-кезеңімен, мемлекеттік қызметшілерден бастап, кейіннен барлық азаматтар үшін жүргізіледі. Биылғы 1 қаңтарынан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады, - деді ол.

Оның айтуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсыратын болады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - азаматтардың қалған санаттары тапсырады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының инфрақұрылымын кеңейту бойынша шаралар қабылданды, - деді Жамаубаев.

Ол атағандай, салықтық декларацияны қағаз түрінде халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік кірістер органдары немесе пошта бөлімшелері арқылы ұсынуға болады.
Өзгелердің жаңалығы