Жамаубаев: Экономика да демократиялық бағытта жұмыс істеп жатыр

16 Наурыз 2023, 13:04
1278
Бөлісу:
Жамаубаев: Экономика да демократиялық бағытта жұмыс істеп жатыр
Фото: zakon.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарға тілшілерге сұхбат беруге шыққан Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сұраққа жауап беруден бас тартып, кетіп қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

 «Шетелден ақша алатын тұлғалардың деректерін жариялау не үшін керек? Неге ол дәл қазір жүзеге асып жатыр?» деп сұрады тілші министрден. 

«Ол бар» деп қысқа қайырды ведомство басшысы.

«Ол бұрыннан бар деп айтуыңыз мүмкін. Кейінгі жарияланған нормаға сәйкес, ол талап етіледі. Мәселен, деректерді жариялау. Осыны түсіндіріп беріңізші» деді тілші. 

Оны түсіндіру үшін бұйрық жобасын қарау керек. Қазір ол талқылау сатысында. Арнайы ашық порталда («Ашық» НҚА – ред.) жарияланған. Қазір біз ұсыныстарды, қандай да бір ескертулерді алғаннан кейін толық шешім қабылданады. Бірақ біз бәріміз жариялылық форматында жұмыс істеп жатырмыз. Журналистер емес, экономика да сол демократиялық бағытта жұмыс істеуде. Конституциялық реформаларды жүзеге асыру бағында жұмыс істеп жатыр. Сондықтан мұны біз үрдіс деп санаймыз. Ол бір арнайы бағытталған іс-шара, - деді Ерұлан Жамаубаев.

«Жарияланған норма қазір норма күйінде емес, бұйрыққа қол қойылды ғой. Мен сізді дұрыс түсініп тұрмын ба? Мұны ұсыныс күйінде деп тұрғаныңызды қалай түсінеміз? Ол 2 күнге ғана жарияланды ғой» деп нақтылауын өтінді БАҚ өкілі.

«Сізге тиісті ақпаратты толық береміз» деген жауапқа қанағаттанбаған тілші: «Сіз өзіңіз білмейсіз бе? Қазір сұрасақ, маңызды сұрақ болып тұр» деді. 

Бұл (сұрағыңыз – ред.) бүгінгі тақырыпқа байланысты емес қой. Бүгінгі тақырып бюджетке байланысты. Талқылауды өткіздік. Үлкен іс-шара болды. Соған қатысты сұрақ болса, айтыңыз. Брифингте сіздердің алдарыңызға күнде шығып жүрмін, - деді Қаржы министрі.

«Өзіңіз қол қойған құжатты білмейсіз бе?» деген журналистен министр: «Бюджетке қатысты басқа сұрақтарыңыз бар ма?» деп сұрады орысшалап.

«Осыған қатысты сұрағымыз бар. Бүгінгі тақырыпқа қатысты...» деген БАҚ өкіліне министр: «Жақсы, сау болыңыз» деп әрі қарай сұхбат бермей, кетіп қалды.

Еске сала кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы