Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың нақты табысын арттыру Үкімет үшін негізгі басымдық екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-премьердің айтуынша, Мемлекет басшысы экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу бойынша стратегиялық міндет қойды.
Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы тұрақты дамытуға және оның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу бойынша стратегиялық міндет қойды. Халықтың нақты табысын арттыру Үкімет үшін негізгі басымдық. Ол үшін Үкімет Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026 – 2028 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыруда. Сондай-ақ, биыл біз Халықтың табысын арттыру бойынша жеке бағдарлама қабылдадық, - дейді Жұманғарин.
Министр жалақыны арттыру, сапалы жұмыс орындарын құру, борыштық жүктемені азайту және кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру бағытында шаралар қабылданатынын атап өтті.
Жалақыны арттыру, сапалы жұмыс орындарын құру, борыштық жүктемені азайту және кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ, қарсы міндеттемелерді орындау арқылы айлық жалақының ең төменгі мөлшерін, азаматтық қызметшілердің жалақысының, жалдамалы жұмысшылардың табысын арттыру мәселесі қаралады. Халықтың кредиттік жүктемесі мәселесіне және тұтынушылық кредиттердің өсуіне ерекше назар аударылды. Үкіметтің басты бағдары халықтың нақты табысының 2-3%-дан жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ, халық табысының жоғарылауына экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз етуге және инфляцияны төмендетуге бағытталған шаралар ықпал ететін болады, - дейді ол.
Серік Жұманғарин сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлауына қарамастан, Қазақстан экономикасы сапалы өсіп жатқанын айтты. Сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлауына қарамастан, Қазақстан экономикасы сапалы өсуді көрсетіп отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,5%-ды құрады, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Осы жылы оң динамика сақталуда. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша экономика 3,7%-ға өсті.
Мұнай өндіруді есепке алмағанда өсім 5%-дан асады, бұл экономика құрылымының біртіндеп өзгеруін және шикізатқа жатпайтын салалар рөлінің күшеюін көрсетеді, - дейді вице-премьер.