Аймағамбетов жалақыны уақытылы төлеп, есептілікті тоқтатуды тапсырды

27 Мамыр 2021, 19:24
17941
Бөлісу:
Аймағамбетов жалақыны уақытылы төлеп, есептілікті тоқтатуды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республикалық педагогикалық кеңесте жалақыны уақыты төлеу мен есептілікке қатысты тапсырма берді.

Еңбек демалысы ақысын да уақытылы төлеуді тапсырамын. Әр жұма сайын жалақы және еңбек демалысына төленетін қаражат бойынша ақпарат беріп тұру қажет. Бұл әкімдіктердің жауапкершіліктері. Себебі жергілікті бюджеттен төленеді. Сондықтан проблема туындамас үшін уақытылы жұмыс жүргізілуі керек, - деді Аймағамбетов.

Министр атап өткендей, департаменттер бұл сұрақты бақылауға алып, мониторинг жүргізіп тұрулары қажет.

Қандай да бір мәселелер болса, оны жасырмау керек. Жалақы – бұл қарапайым талқыланбайтын мәселе. Дегенмен кей аймақтарда аудан көлемінде осындай сұрақтар туындап жатқанын көріп отырмыз, - деді ол.

Сонымен қатар есептілік мәселесіне тоқталды.

Директорларға, олардың орынбасарларына, білім бөлімдері мен басқармаларына айтамын, министрліктің бұйрығында жоқ есептерді талап ету фактілері расталатын болса, онда өте қатаң шараларды қолданамыз. Оны сіздер оқымайсыздар да, оған тіпті ешкімнің оқуға уақыты да жоқ. Оның алып бара жатқан тиімділігі де жоқ. Бостан-босқа есеп жинау бар, - деді бас ұстаз.

Министр бұрынғымен салыстырғанда есептілікті талап етуде өзгеріс барын айтты.

Бірақ кейбір мектептерде осындай фактілер тіркеліп отыр, - деп айтты Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы