Жақын арада Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші қабылдау басталады

28 Мамыр 2021, 09:42
4003
Бөлісу:
Жақын арада Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші қабылдау басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақын арада Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші қабылдау басталады. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин өзінің Telegram-дағы каналында жазды.

Айта кету керек, 2021 жылғы 18 мамырда Мемлекет басшысы «Президенттік жастар кадрдық резервінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Жарлыққа қол қойған еді.
ПЖКР-нің екінші іріктеуіне 35 жасқа дейінгі, жоғары білімі және 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар жастар қатыса алады. Сондай-ақ, жаңа іріктеу шеңберінде үміткерлерде мемлекеттік тілді орта деңгейден (В1) төмен емес деңгейде меңгергені туралы сертификаттың болуы бойынша талап енгізілді, - деді ол.

Қаринның айтуынша, үміткерлерді іріктеу арнайы ақпараттық жүйе арқылы бірнеше кезең бойынша жүргізіледі.

Ең алдымен, құжаттарды қабылдау (онлайн), мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау (онлайн), ахуалдық міндеттерді шешу (онлайн), құзыреттерді бағалау (офлайн), сараптамалық комиссияда үміткерлермен әңгімелесу (онлайн), ұлттық комиссия отырысында қарау (онлайн). Үміткерлер резервке 3 жылға қабылданады. Бүгінгі таңда ПЖКР алғашқы жиынтығынан мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компанияларға 179 резервші тағайындалды, - деді спикер.

Осылайша, Президенттік жастар кадрлық резерві өзінің басты міндеті - жас мамандар үшін тиімді әлеуметтік лифт құру міндетін іске асыруда.

Өзгелердің жаңалығы