- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Әр төртінші алматылық қаладан көшкісі келеді – сарапшы
Әр төртінші алматылық қаладан көшкісі келеді – сарапшы
Алматы ауасының ластану деңгейі әлі де жоғары болып отыр.
Бүгiн 2026, 13:22
Almaty Air Initiative қорының 2025 жылға арналған жылдық есебіне сәйкес, Алматы ауасының ластану деңгейі әлі де жоғары болып отыр. Есепке сәйкес жағдай әлі жақсармаған. Қордың атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында қаладағы ауа сапасына қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді.
Ластану нормасы нашар
Қор мәліметінше, 2025 жылы орташа жылдық PM2.5 деңгейі, яғни шаң, күйе, түтін, ауыр металдар және химиялық қосылыстардан құралған тамшылардың қоспасы 31,2 мкг/м³ болған. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасынан 6 есе жоғары және 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 30%-ға нашар.
Ластану нормасынан асқан күндер саны да көп: 365 күннің 216 күнінде (60%) алматылықтар ДДҰ ұсынған 15 мкг/м³ шектен асатын ауамен тыныстаған. Оның ішінде 126 күн Қазақстандағы салыстырмалы түрде жұмсақ стандарттарға да сәйкес келмеген. Сонымен қатар соңғы 10–20 жылдағы ілгерілеуді нақты бағалау қиын, себебі ауа сапасын тұрақты әрі сенімді бақылайтын жүйелі бақылау желісі жеткіліксіз, - дейді Жұлдыз Сәулебекова.
Соңғы мониторинг деректері маусымдық айырмашылықтың айқын екенін көрсеткен: қыста орташа концентрациялар жазға қарағанда 5 есе жоғары, ал ДДҰ нормасынан 10 есе асып түседі. Қысқы кезеңдегі ластанудың негізгі себептері – көмірмен жылыту және температураның әсері. Ал қалған уақытта негізгі үлесті көлік, қаладағы шаң және өзге де ластаушы факторлар әсер етеді.
Қазір қала өтпелі кезеңде тұр. 2026-2027 жылдарға қарай ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіруді аяқтау шығарындыларды 12-14 есеге дейін азайтуы, ал ұсақ бөлшекті шаң бойынша 100%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Алайда көмір жағатын жер үйлер, көлік және шаң мәселесі бойынша жүйелі шаралар қабылданбаса, жағдай жақсара қоймайды, - дейді қордың атқарушы директоры.

Тұмшаның негізгі себебі не?
Жұлдыз Сәулебекованың сөзінше, Алматыдағы тұмша мәселесін бір ғана себеппен түсіндіру дұрыс емес.
Біздің қор үнемі тұмшаның пайда болуының екі негізгі көзін айта алады: ол қатты отынды жағу және көліктер. Бірақ мұнда ластаушы заттардың түрін ажыратып, әрқайсысының үлесін дұрыс бағалау маңызды. Мысалы, азот оксидтері (NO₂) туралы айтсақ, олар негізінен автокөлік пен өнеркәсіптен бөлінеді. Ал қыс мезгіліндегі ластану мен PM2.5 деңгейінің күрт өсетінін ескерсек, бұл жерде температура жағдайында қатты отынның жануы айтарлықтай әсер етеді. Яғни ЖЭО, жеке үйлер мен моншалар негізгі үлес қосады, - дейді Сәулебекова.
Бір қызығы, «негізгі ластаушы» туралы деректер бағалау тәсіліне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Егер жалпы шығарындылар көлемін (тоннамен) есептесек – бір нәтиже, ал адамның тыныс алатын деңгейдегі ауаға нақты әсерін қарастырсақ – мүлде басқа көрініс болады. Сондықтан ең алдымен әр ластаушының уыттылығына назар аудару қажет. Себебі шығарындылардың салмағы олардың адам ағзасына әсерімен әрдайым сәйкес келе бермейді.
Мысалы Алматыда көміртек тотығы (CO) көлемі PM2.5 бөлшектеріне қарағанда әлдеқайда көп бөлінеді. Бірақ соған қарамастан, адам денсаулығына ең үлкен зиянды дәл осы PM2.5 келтіреді, - дейді ол.
Мұны қарапайым салыстырумен түсіндіруге болады: бір шелек лас суды және сынаптың кішкентай тамшысын елестетіп көріңіз. Егер бір шелек суды төгіп алсаңыз, ол жайсыздық тудырады, бірақ денсаулығыңызға айтарлықтай қауіп төндірмейді. Ал көзге әрең көрінетін кішкентай сынап тамшысы әлдеқайда қауіпті, өйткені ол өте улы. Ластаушы заттар да дәл осындай: көміртек тотығы көп мөлшерде таралып, жалпы фон қалыптастырады, ал салыстырмалы түрде аз мөлшердегі PM2.5 адам денсаулығына негізгі зиян тигізеді.
Қыста ауаның ластануы
Қыста ауа сапасының күрт нашарлауы бірнеше факторға байланысты. Оның ішінде, жылыту маусымының басталуы, көмір жағатын ЖЭО-лардың жұмысы, жеке сектор мен моншаларда көмір мен отынның қолданылуы, көліктерді ұзақ қыздыру, ескі автопарк және ең бастысы – ластанған ауаның таралуына мүмкіндік бермейтін инверсиялық «қақпақ».
Сондықтан Алматыда қыс мезгілінде «дем алу қиын» болуы – тек шығарындылардың көптігінен емес, сонымен бірге қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың қатар келуімен де байланысты.
Қаланың географиялық орналасуы
Жұлдыз Сәулебекованың сөзінше, Алматының географиялық орналасуы да тұмшаның жиналуына айтарлықтай әсер етеді. Қала таудың етегіндегі ойпаңда орналасқан, ал суық мезгілде ластанған ауа инверсиялық қабаттың әсерінен қала ішінде тұрып қалады.
Бұл кезеңде желдің болмауы немесе өте аз болуы да жағдайды ушықтырады. Салдарынан зиян заттар жерге жақын қабатта, яғни адамдар тікелей тыныс алатын деңгейде шоғырланады. Алматы үшін таулар бір жағынан табиғи артықшылық болса, екінші жағынан шектеу де болып отыр. Географиялық орынды өзгерту мүмкін емес, сондықтан негізгі назарды ластаушы заттарды азайтуға аудару қажет, - дейді ол.
Билік қабылдап жатқан шара жеткілікті ме?
Жұлдыз Сәулебекованың айтуынша, билік тарапынан қабылданып жатқан шаралар белгілі бір нәтиже беріп жатыр.
Техникалық байқауды қатаңдатуға қатысты өзгерістер енгізілді, «Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары» іске қосылды, төмен эмиссиялы аймақтарды (LEZ) енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, сондай-ақ ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жоспары бар, - дейді ол.
Дегенмен бұл қадамдар кешенді әрі жүйелі өзгерістер үшін жеткіліксіз. Газға көшу PM2.5 деңгейін төмендетуі мүмкін, бірақ газбен жұмыс істейтін ЖЭО-лар да азот диоксидінің (NO₂) көзі болып қала береді.
Сондықтан жеке сектордағы үйлерді газға көшіру мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл тек Алматы қаласының ішінде ғана емес, оған іргелес аймақтарда да жүзеге асуы тиіс, өйткені ауа ластануы әкімшілік шекарамен шектелмейді. Таза ауаға қол жеткізудің маңызды бағыттарының бірі – қоғамдық көлікті экологиялық тұрғыда жаңғырту және микромобильділікті дамыту, - дейді қордың атқарушы директоры.
Қала көшелерінде жеке көліктің үлесін қысқартпайынша, автопаркті жаңартпай және қоғамдық көлікті дамытпай, айтарлықтай өзгеріс күту қиын.
Электромобильдер мен газбен жүретін көліктер мәселенің бір бөлігі ретінде қарастырылады, бірақ олар жалғыз өзі бәрін шешетін құрал емес. Нәтиже болуы үшін бұл шаралар ескі көліктерді шектеу, сапалы қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыру сияқты қалалық саясатпен қатар жүруі тиіс, - дейді Сәулебекова.
Халық ауа сапасын жақсартуға үлесін қалай қоса алады?
Жұлдыз Сәулебекованың сөзінше, Алматыда және оған жақын елді мекендерде PM2.5 сияқты ең қауіпті ластаушы бойынша Орталық Азиядағы ең тығыз мониторинг датчиктері желісі орнатылған. Қала тұрғындары ауа сапасын нақты уақыт режимінде арнайы онлайн-платформа (dashboard.air.org.kz) немесе мобильді қосымшалар (IQAir, MyCar және т.б.) арқылы бақылай алады.
Бұл деректер күнделікті шешім қабылдауға көмектеседі. Егер ауа қатты ластанса, мүмкіндігінше сыртта болу уақытын азайту, жүгіру мен серуендеуден бас тарту қажет. Үй ішінде ауа тазартқыш құрылғыларды қолданған жөн, ал терезені тек ауа таза кезде ашу керек.
Әсіресе балалар, жүкті әйелдер, қарттар және тыныс алу аурулары бар адамдар үшін сақтық шаралары маңызды. Оларға түтіні көп жерлерден, соның ішінде Алматыда көп кездесетін кәуапханалар сияқты орындардан аулақ болған дұрыс. Көлік кептелісінде тұрғанда терезені ашпай, «ішкі айналым» режимін қосқан жөн – бұл сыртқы түтіннің салонға кіруін азайтады. Үйге мүмкіндік болса, бризер немесе ауа тазартқыш сатып алған тиімді, - дейді ол.
Сонымен қатар, әр адам өзінің ауа ластануына қосатын үлесін де бағалауы керек. Мысалы, көлікті қаншалықты жиі қолданасыз, оның техникалық жағдайы дұрыс па, көмір жағасыз ба, қоқыс өртейсіз бе – мұның бәрі жалпы ауа сапасына әсер етеді. Сондықтан ауа сапасына қатысты әр адамның жауапкершілігі де маңызды.
Алматының жай-күйі қандай болмақ?
Жұлдыз Сәулебекова егер қазіргі үрдістер өзгермесе, яғни халық саны көбейіп, көлік саны артып, тығыз құрылыс және экологиялық инфрақұрылымды дамыту қарқыны баяу болса, Алматыда ауа сапасы одан әрі нашарлауы мүмкін.
Бұл тек тұмша мәселесімен шектелмейді. Мұндай жағдайда қалалық ортаның жалпы сапасы төмендеп, тұрғындардың денсаулығына кері әсер күшейеді және қаладан көшкісі келетін адам саны көбеюі мүмкін. Яғни мәселе ұзақ мерзімде өмір сапасының және адами капиталдың әлсіреуіне тіреледі. Өткен жылы жүргізілген сауалнамалардың бірі осы үрдісті айқын көрсеткен: әр төртінші алматылық қаладан біржола кету туралы ойланады, - дейді маман.
Алматының қай ауданында ауа сапасы нашар?
Алматыда ауа сапасы жағынан ең қолайсыз жағдай, әдетте, қаланың солтүстік, яғни төменгі бөлігінде байқалады. Әсіресе Алатау ауданы мен Түрксіб ауданы басқа аудандарға қарағанда көбірек ластанған. Ал Медеу ауданы мен Бостандық ауданы салыстырмалы түрде таза аймақтарға жатады.
Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл аудандар ойпаңда орналасқан, сондықтан ауа алмасуы қиындау. Екіншіден, ластаушы көздерге жақын, өнеркәсіп, жеке сектордағы көмір жағу, көлік ағыны жоғары. Үшіншіден, көлік жүктемесі де айтарлықтай үлкен, - дейді Жұлдыз Сәулебекова.
Қыс мезгілінде жағдай күрделене түседі. Инверсиялық «қақпақтың» әсерінен ластанған ауа қала бойынша біркелкі таралмай, жиі тұрып қалады. Кей күндері жел бағытына байланысты тұмша тіпті тауға жақын аудандарда да жиналып қалуы мүмкін.
Қаладағы құрылыс ауа айналымына әсер етеді
Соңғы жылдары Алматыда желдің орташа жылдамдығы айтарлықтай төмендеген: бұрын шамамен 7 м/с болса, қазір көбіне желсіздік (штиль) тіркеледі.
Мұның бір себебі – жаппай әрі кей жағдайда ретсіз жүргізілген құрылыс. Биік ғимараттар мен тығыз кварталдар желдің табиғи бағытын бұзып, қаланың «жел жүретін жолдарын жауып тастайды. Соның салдарынан ауа алмасуы нашарлап, ластаушы заттар қала ішінде тұрып қалады. Бұл үрдіс халық саны мен көлік санының өсуімен қабаттасқанда, жағдайды одан әрі ушықтырады. Нәтижесінде зиянды заттар тарамай, керісінше жиналып, ауа сапасының төмендеуіне әкеледі, - деп түсіндірді Жұлдыз Сәулебекова.
Халықаралық тәжірибе
Жұлдыз Сәулебекова Алматыда тұмшамен күресуге қатысты халықаралық тәжірибелерге тоқталды. Оның сөзінше, Бейжің жүргізіп жатқан тәжірибе сәтті қолданылып отыр. Қытайда көлемінен жағынан екінші қалада шығарындыларға қатаң талаптар қойылады, ластаушы кәсіпорындардың бір бөлігі қала сыртына шығарылып, сүзгілеу жүйелерін енгізілген. Сонымен қатар, тұрмыстық деңгейде көмір жағуға тыйым салынған, көлікті экологияға сай жасап, автокөлік қозғалысына шектеулер енгізіліп, ауқымды мониторинг желісі қалыптасқан.
Ұлыбританияның тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық: олар адамдарды көлікпен жүруін қиындатқан. Мысалы, қала орталығында тұрақ қымбат, орын саны шектеулі, осылайша халық көлікпен жүру тиімсіз екенін түсінеді. Сонымен қатар оған балама ретінде қоғамдық көлікті, велосипед пен жаяу жүруге арналған инфрақұрылымды әлдеқайда ыңғайлы әрі қолжетімді қылып дамытады, - дейді спикер.
Халық ауа сапасы туралы қаншалық хабардар?
Жұлдыз Сәулебекова қор жұмыс істеген екі жылға жуық уақыт ішінде алматылықтардың лас ауа мәселесі туралы білімі едәуір артқанын айтады. Мысалы, ауа сапасын қайдан тексеруге болатынын білетіндердің үлесі 2024 жылғы 14%-дан биыл 20,4%-ға дейін өсіпті.
Соған қарамастан, жалпы деңгей әлі де төмен. Әсіресе 55-64 жас аралығындағы адамдардың арасында мәселе өзекті: олардың шамамен жартысы ауа сапасын арнайы деректерге емес, өз сезіміне қарап бағалайды. Сондықтан бұл мәселе туралы тұрақты әрі белсенді түрде ақпарат тарата беру қажет, - дейді маман.
Алматыдағы ауа сапасына байланысты жағдай ушығып кетпей ме?
Спикердің сөзінше, қала жүйелі шараларды неғұрлым кешіктірсе, соғұрлым проблема тереңдей береді: халық денсаулығы нашарлап, аурулар көбейеді, еңбекке қабілеттілік төмендейді, білікті мамандар қаладан көше бастайды, көлікке тәуелділік күшейіп, қалалық орта нашарлай түседі.
Яғни мәселені жыл өткен сайын шешу қымбатқа түсіп, күрделене береді және қоғам үшін ауыр соққы болады, - дейді маман.
2029 жылы Алматыда қысқы кезеңде өтетін Азиада жоспарланған. Бұл, Жұлдыз Сәулебекованың сөзінше, ауа ластануы ең күрделі деңгейге жететін уақыт.
Сондықтан бұл жағдай ауаны жақсарту жұмыстарын жеделдетуге қосымша түрткі болуы тиіс. Әлемде оң тәжірибелер бар екенін ескерсек, нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, жақын күндері Алматыда «Алматыдағы ауа сапасын жақсартудағы Қытай тәжірибесі» тақырыбында барлық мүдделі тараптардың қатысуымен ауқымды семинар өткізу жоспарланып отыр. Оған Қытайдың экологиялық ғылымдар жөніндегі ғылыми-зерттеу академиясының өкілдері қатысады, - деп түйіндеді Жұлдыз Сәулебекова.
Ең оқылған:
- Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті
- Иранның Жоғарғы Көшбасшысы АҚШ пен Израильге қауіп төндірді
- Перуде қауіпті жағдай: жер опырылып, үйлер қирап жатыр
- Қазақстан әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде 33-орынға көтерілді
- АҚШ Иранға қарсы әскери-теңіз операциясын кеңейтуге дайындалып жатыр
Сымбат Сатыбалдина