Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылдан бері Алматы қаласында зейнеткерлерге арналған "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы" жұмыс істеп келе жатыр. Бұл орталықта қарттарға қандай көмек көрсетіледі және олар немен айналысатынын білу үшін аталған жобаның жетекшісі әрі Kumis khasyr Қоғамдық қорының директоры Әсия Ақановамен сұқбаттасқан едік.
Қор директорының айтуынша, жыл сайын зейнет жасындағы адамдар қатарының артуы Алматы қаласы үшін өте өзекті мәселеге айналып отыр. Осы тұрғыда Алматы қаласы әкімдігімен "Белсенді ұзақ өмір сүру" Жол картасы әзірленген. 2018 жылы 29 маусымда "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы" атты алғашқы пилоттық орталық өз жұмысын бастады. Kumis Khasyr Қоғамдық қоры жобаның орындаушысы.
"Біз жобамыздағы бағдарламаларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары негізінде өз халқымыздың менталитетін, дәстүрін ескере отырып бейімдеп жасадық. Оның ішінде ересек адамдардың денсаулығын ешқандай дәрі-дәрмексіз жақсартуға басымдылық беріп отырмыз", - дейді ол.
Алматыда 221,7 мыңнан аса егде жастағы адам тұрып жатыр. Олардың – 158,1 мыңы әйелдер, ер адамдар – 63 мыңнан асады екен. Ал 75 жастан асқан зейнеткерлер саны 57,4 мыңдай.
"Орталықтың басты мақсаты – зейнет жасындағы адамдардың өмір сапасын арттыру. Жобадағы басты міндеттер – қарт адамдар үшін білім алу инфрақұрылымдарын қолжетімді ету, белсенді өмір сүру мәдениетін қалыптастыру, олардың қоғаммен байланысуына жағдай жасау", - дейді Қор директоры.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша орталық айына 90 адам қабылдауы керек екен, алайда келушілердің көптігіне байланысты 250-ге жуық адамды қабылдауына тура келіп отыр. Өйткені орталыққа келетіндер саны өте көп.
"Бізге келген адамдарға "адам толды, ертең келіңіз" деп айта алмаймыз. Бұл осындай орталыққа сұраныс жоғары екенін көрсетеді. Кейбір адам қаланың арғы бетінен келеді, тіптен Талғардан келіп жатқандар бар. Жазда Әуезов ауданынан осындай бір орталық ашылды, жақында Тастақ ықшамауданы мен Наурызбай ауданында тағы екі орталық ашылды. Менім ойымша, қаладағы әр ауданда осындай орталық болса, біз зейнет жасындағы адамдардың барлығын қамтитын едік", - дейді Әсия Ақанова.Орталықта ойын бөлмесі, кинозал, фитнес-зал, мәжіліс залы, медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, йога, скандинавиялық жүріс, айкуне сияқты спорттық алаңдары да қарастырылған.
Сондай-ақ, зейнеткерлер орталықта IT және smart бойынша сауат ашу курстарына, аспаздық, латынша оқу, ағылшын және қазақ тілін үйрене алады.
Әсия Ақанованың айтуынша, зейнеткерлер әсіресе IT және smart бойынша сауат ашу курстарына үлкен қызығушылық танытып отыр. Жалпы орталыққа келген зейнеткерлер 6 бағыт бойынша қызмет ала алады екен. Олар әлеуметтік сауықтыру, білім беру, ойын-сауық, психологиялық, экономикалық, әлеуметтік еңбек.
"Орталыққа келушілердің басым көпшілігі IT және smart бойынша сауат ашу курстарына қатысады. Ол жерде Egov үкімет порталынан түрлі қызметтерді өздігінен қалай алуға болатынын үйретеміз. Өзіңіз ЦОН-ға барғанда байқасаңыз, ұзын-сонар кезекте тұратындардың көпшілігі егде жастағы адамдар. Міне біз осындай мәселелерді шешу үшін IT сауаттылықты қолға алдық және көпшілік оған қуана қатысуда. Бұл адамдардың өз уақытын үнемдеу үшін және кезекте тұрып жүйкесін жұқартпауына көп септігін тигізеді", - дейді Әсия Ақанова.
Орталықта латынша оқу-сызуды да үйретіп жатыр екен, тіптен, қазақ тілін үйренсем деп келіп жатқандар қатары да көп көрінеді.
"Адамдардың жадысын, яғни есте сақтау қабілетін жақсартатын жаттығулар бар, бұл сабаққа көпшілігі қалмай қатысады. Түрлі сабақтардан өзге біз зейнеткерлер арасында айына бір рет іс-шара өткізіп отырамыз. Мәселен, Сұлулық күнін өткіземіз, онда әйел адамдарға тегін маникюр, және басқа да қызметтер көрсетеміз, бір сөзбен айтқанда апаларымызды әдемі етіп шығарамыз. Ол үшін сұлулық салондарымен келісеміз, олар тегін жасап береді. Көпшілігі әлеуметтік жоба болғандықтан, келісім беріп жатады. Өткен жылы "Кел, танысайық!" атты шараны өткіздік. Жалпы мұндай іс-шаралар адамдардың еңсесін көтеріп, оларға жақсы көңіл-күй сыйлайды", - дейді ол.
Орталыққа келушілерге күн сайын құқықтық, психологиялық, медициналық консультациялар да беріліп отырады. Сонымен қатар, қаладағы мәдени, спорттық және туристік ошақтарды аралатып тұрады екен.
"Үлкен кісілерге тігін үйірмесі дұрыс болатын шығар деп ойлағанбыз, алайда оған көпшілік қызығушылық танытпады. Қазір жапондық тәсілмен қолдан түрлі бұйымдар, кәдесыйлар жасауға ден қоюда. Онда түрлі гүлдерді жасап, бояйды. Мұндай жұмыстар адамдардың миын тынықтырады. Егде жасқа келген адамдар көп нәрсені ойлап, психологиялық тұрғыдан мазасызданып жүреді. Сондықтан олардың миын бір уақыт тынықтырып тұру үшін мұндай жұмыстар өте қажет", - дейді Қор директоры.
Бастапқыда бұл орталық жан күйзелісіне түсіп, қиналып жүрген адамдарды ғана қабылдамақ болған. Дегенмен, қазір бәрі келуде, өйткені мұнда олар өздерімен тіл табыса алатын ортаны табуда. Бәрі өздерінің қатарластары, тек ер адамдардың қатары аз екен.
Орталықтың ішінде келушілерден құралған ән хоры және "Асыл әже" атты зейнеткерлер би тобы бар. Зейнеткерлер мәдени шараларға да қатысып, өздеріне ұнайтын іспен айналысады екен. "Асыл әже" би тобы Алматыда өткен Central Asia got talents халықаралық таланттар байқауына қатысып, финалға дейін жетіпті.
Ә. Ақанованың айтуынша, зейнет жасындағы адамдардың жауапкершілігі жоғары болып келеді, тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, сабақтан еш қалмауға тырысады.
"Үлкен буын өкілдері не нәрсеге болсын үлкен жауапкершілікпен қарайды. Көбі еңбекқор әрі білімдері мен тәжірибелері мол. Осындай адамдарды қоғамдық жұмыстарға тартатын болсақ ештеңеден ұмытылмас едік. Шыны керек біз кейбір зейнет жасындағы адамды жұмысқа тұрғызу жағында қарастырып жатырмыз. Олар зейнетке шықты, енді керек емес деген көзқарас болмау керек. Олардың бізге берері әлі мол», - дейді ол.