Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Үкіметте өткен брифингте зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін белгіленген жеткіліктілік шектерінің жаңартылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер вице-министрден жаңартылған жеткіліктілік шектері нақты кімдерге арналғанын сұрады. Өйткені зейнетақы жинақтарын пайдалануға шынымен мұқтаж азаматтардың көпшілігі бұл қаражатты қажетті мақсаттарына жұмсай алмай отырғанын айтты.
Зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты – азаматтарды қартайған шағында зейнетақымен қамтамасыз ету. Егер ең төменгі жеткіліктілік шегі туралы айтатын болсақ, бұл – ұмтылу қажет межені білдіреді, – деді Виктория Шегай.
БАҚ өкілдері спикерден адам зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігіне ие болуы үшін 20 жастан бастап қанша табыс табуы керек екеніне қатысты есептеулер жүргізілген-жүргізілмегенін нақтылады. Алайда Еңбек министрлігінің өкілі бұл сұраққа жауап ретінде жоғарыда айтқан пікірін қайталады.
Қайталап айтамын, ең төменгі жеткіліктілік шектерінің негізгі мақсаты – 63 жасқа келгенде жеткілікті деңгейдегі зейнетақы алу үшін қажет ең төменгі зейнетақы жинағының көлемін айқындау, – деді Виктория Шегай.
Еске салайық, 6 маусымда БЖЗҚ зейнетақы жинағын алудың жаңа жеткіліктілік шектерін жариялады.
Сондай-ақ министрлік жеткіліктілік шектерін көтеру қазақстандықтардың болашақ зейнетақысын қорғауға бағытталғанын айтты.