Зейнетақы жарналары бір жыл ішінде 28 пайызға өсті

25 Сәуір 2022, 11:29
1774
Бөлісу:
Зейнетақы жарналары бір жыл ішінде 28 пайызға өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 13,0 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. 01.04.2021ж. мен 01.04.2022ж. аралығындағы бір жыл ішінде бұл қаражат 380,5 млрд теңгеге немесе 3,0% ұлғайды.

Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен  12,6 трлн теңгені (соңғы 12 айда өсім 2,6%) құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары 376,6 млрд теңге (өсім 19,2%), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі шамамен 1,8 млрд теңге.

2022 жылдың үш айында БЖЗҚ салымшылары былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 84,6 млрд теңгеге көп қаражат салған. 2022 жылдың 1 сәуіріне қарай, салымшылардың шоттарына шамамен 383,5 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 28% артық. Жарналардың жалпы көлемінің 94,9% БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсімдер құрайды –364,1 млрд теңге (соңғы 12 айдағы өсім 28%), МКЗЖ бойынша 19,1 млрд теңге (өсім 38%) түсті, ЕЗЖ бойынша 304 млн теңге (өсім 87%) аударылды. 

Салымшылардың жарналарынан басқа, зейнетақы жинақтарының өсімі таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді. 2022 жылдың 1 қаңтары мен 1 сәуірі аралығында бұл көрсеткіш 295,8 млрд теңге болды. 

2022 жылдың 1 сәуіріне қарай, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,7 млн бірлікке жетті. Шоттардың ең көп үлесі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылды – 10 868 993 бірлік. Одан әрі МКЗЖ-нан қалыптасқан шоттар – 562 481 бірлік, ал БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 69 188 бірлік.

Жыл басынан бері БЖЗҚ өз салымшыларына 886,7 млрд теңге төледі, оның басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрайды – 822,1 млрд теңге. Жасына байланысты төлемдер – 26,8 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер – 16,9 млрд теңге, ҚР шегінен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер – 12,0 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 6,9 млрд теңге, жерлеуге арналған төлемдер – 1,4 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер – 0,6 млрд теңге.

Атап кету керек, БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем (зейнет жасына толуына байланысты) 29 372 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем 707 326 теңге болды.

Өзгелердің жаңалығы