Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегі екі есеге жуық көтерілді. Бұл өзгеріс көптеген азаматтың БЖЗҚ-дағы қаражатын тұрғын үй немесе емделу мақсатында пайдалану мүмкіндігін шектеді. Алайда қаржы сарапшысы Сұлтан Елемесов жеткілікті шегін айналып өтудің заңды жолы бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының сөзінше, мұндай мүмкіндік сақтандыру аннуитеті арқылы жүзеге асады.
Көп адам білмейді, бірақ екі есеге жуық көтерілген зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегін айналып өтудің бір жолы бар. Ол – сақтандыру аннуитеті, - дейді Елемесов.
Оның түсіндіруінше, сақтандыру аннуитеті – классикалық зейнетақының өзі емес, бірақ болашақта тұрақты төлемдер алуға мүмкіндік беретін сақтандыру өнімі.
Сарапшының айтуынша, азамат сақтандыру аннуитеті шартын жасасқан жағдайда жеткілікті шегінің талабы іс жүзінде қолданылмайды.
Егер сақтандыру аннуитетін рәсімдесеңіз, жеткілікті шегі мәселесі өзекті болмай қалады. Көпшілік азамат 45 жастан бастап мұндай шарт жасай алады және төлемдерді 55 жастан бастап ала бастайды, - дейді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Елемесов бұл құралдың белгілі бір кепілдіктері бар екенін де атап өтті.
Мұнда тәуекелдер аса жоғары емес. Себебі қайта сақтандыру жүйесі жұмыс істейді және Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры бар. Дегенмен толық мұрагерлік қарастырылмаған. Тек кепілдендірілген төлем кезеңі ғана көзделеді, - деп түсіндірді сарапшы.
Сонымен қатар ол аннуитетті «тегін ақша» ретінде қабылдамауға шақырды.
Бұл жерде сақтандыру компаниясы барлық тәуекел мен төлемдерді алдын ала есептейді. Сондықтан аннуитет – ұзақ өмір сүруді жоспарлайтын немесе зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қазір пайдаланғысы келетін азаматтар үшін қызықты құрал болуы мүмкін, - дейді қаржы сарапшысы.
Алайда бұл мүмкіндік барлық азаматқа бірдей қолжетімді емес. Себебі сақтандыру аннуитетін рәсімдеу үшін заңнамада белгіленген ең төменгі жинақ көлемі болуы қажет.
Еске салсақ, қазақстандықтар болашақ зейнетақысының көлемін алдын ала есептей алады.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстаннан кеткендер зейнетақысыз қала ма? – Конституциялық сот нақты жауап берді
Зейнетақы шегінің өсуі баспана бағасына қалай әсер етеді?
Зейнетақы ақшасы нарықты емес, азаматтың болашағын қамтамасыз етуі керек – сарапшы