Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бүгін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін қажетті жеткіліктілік шектерінің жаңа мөлшерін жариялады. Өзгерістерден кейін көптеген азамат үшін қолжетімді қаражат көлемі қысқарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл шешімге қатысты өз ойын айтты. Оның пікірінше, зейнетақы жинақтарын жаппай пайдалану бастамасы алғаш күннен-ақ ұзақ мерзімді тәуекелдер туғызған.
«Бұл шешім бұрын қабылдануы керек еді»
БЖЗҚ жеткіліктілік шектерін тағы да көтеріп жатыр. Және бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Осыдан бес жыл бұрын-ақ БЖЗҚ қаражатын жаппай пайдалану бастамасы күмәнді көрінген. Бұл бір жағынан құрылыс компанияларын қолдау, нарықты артық ақшамен толтыру, инфляцияны ынталандыру сияқты әсер берді, – дейді Ғазиз Әбішев.
Оның айтуынша, зейнетақы қаражатын ипотека немесе несие жабуға пайдалану іс жүзінде бұл ақшаның белгілі бір секторларға бағытталуына әкелді.
Зейнетақы қаражатын – яғни белгілі бір мағынада болашақтағы ақшаңды – несие жабуға жұмсау мүмкіндігі сол қаражаттың құрылыс компанияларына бағытталуына алып келеді. Соның арқасында олар нарықтағы нақты сұранысқа қарамастан құрылыс көлемін сақтап қала алады, – дейді сарапшы.
«Бүгінгі шешімнің салдары ертең сезіледі»
Ғазиз Әбішев азаматтардың өз еркімен қабылдаған шешімдері уақыт өте ұмытылып кетуі мүмкін екенін айтады.
Екінші жағынан, зейнетақы жинақтарын шешіп алып, оны бүгінгі қажеттіліктеріне жұмсап жатқан адамдар бар. Бірнеше ондаған жыл өткен соң олар бұл шешімді өз еркімен қабылдағанын, оның салдарын өздері ескеруі керек екенін ұмытып кетуі мүмкін. Сонда да олар: "Осы ел үшін қаншама жыл еңбек еттім, енді маған лайықты зейнетақы беріңіздер", дейді, – деп атап өтті ол.
Саясаттанушының пікірінше, жеткіліктілік шегінің көтерілуі ең алдымен болашақ зейнетақы тұрақтылығы тұрғысынан тәуекел аймағында жүрген азаматтарды қорғайды.
Жинақтардың маңызы арта береді
Ғазиз Әбішев алдағы жылдары жинақтаушы жүйенің рөлі күшейе түсетінін атап өтті.
Мұнай рентасының дәуірі біртіндеп аяқталып келеді, ал экономиканың болашағы көптеген сұрақ туғызады. Мемлекет азаматтарды ортақ жауапкершілік қағидатымен лайықты зейнетақымен қамтамасыз ете ала ма – бұл да үлкен мәселе. Сондықтан жинақтардың рөлі барған сайын маңызды бола түседі, – деп пікір білдірді сарапшы.
Оның айтуынша, зейнетақы қаражатын қысқа мерзімді экономикалық мақсаттарға пайдалану орнына ұзақ мерзімді инвестицияларға бағыттау әлдеқайда тиімді.
Зейнетақы қаражатын пайдаланып, экономиканың стратегиялық маңызы жоқ жекелеген салаларын жасанды түрде қыздыру, соның есебінен болашақ зейнеткерлердің қаржылық тұрақтылығын әлсірету – ең дұрыс шешім емес. Оның орнына бұл қаражатты сенімді қор нарықтарына, ұзақ мерзімді активтерге немесе стратегиялық маңызы жоғары серпінді жобаларға сауатты түрде инвестициялаған әлдеқайда тиімді болар еді, – деп түйіндеді Ғазиз Әбішев.