Алматыда заңсыз казино ұйымдастырған шетелдік Вьетнамда ұсталып, Қазақстанға қайтарылды

Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүрген шетел азаматы экстрадицияланды.

 видеодан скриншот 22 Шілде 2026, 18:49
22 Шілде 2026, 18:49
299
Фото: видеодан скриншот

Алматыда заңсыз казино ұйымдастырып, қашып жүрген шетелдік Вьетнамда ұсталды. 
 
Бас прокуратураның, ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық Орталық Бюросының қызметкерлері Вьетнам Социалистік Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен аталған елден халықаралық іздеуде жүрген шетелдік экстрадициялады.

Тергеу бойынша, 2022-2023 жылдары күдікті сыбайласымен бірлесіп Алматы қаласының аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, нәтижесінде 12 миллион теңгеден астам қылмыстық пайда тапқан.

Қылмыс жасағаннан кейін сыбайластың біреуі қылмыстық жауаптылыққа тартылған, екіншісі қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, оған іздеу жарияланған. Осы жылы ақпанда ол Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауымен Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды, - деп хабарлады Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейсов.

Айып тағылған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Наверх