Зейнетақы жинақтары арқылы үй алу оңай ма? Астаналық өз тәжірибесімен бөлісті

10 Наурыз 2021, 10:27
4170
Бөлісу:
Зейнетақы жинақтары арқылы үй алу оңай ма? Астаналық өз тәжірибесімен бөлісті
EX PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылғы 19 қаңтарда Үкімет қаулысымен тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін беру қағидалары күшіне енді. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының арқасында армандаған баспанасын алғысы келетіндермен қатар денсаулығын реттеп алғысы келетіндер қатары артты. Дегенмен баспана алуға үміт артып отырған жандарды бұл жаңалық бір қуантып, бір жабырқатты. Себебі зейнетақы жинақтары жеткілікті салымшылар еш кедергісіз ала алса, ал ең төменгі жеткіліктік шегіне жете алмаған салымшылар жинақтарын мүлдем шеше алмайды немесе аз-кем қаражатты қанағат тұтуға мәжбүр болып отыр.

Зейнетақы жинақтары арқылы үй алу оңай ма? Астаналық өз тәжірибесімен бөлісті

Жақында осы жаңалықтың арқасында үйлі болған Гүлнар есімді елорда тұрғынымен тілдесіп, зейнетақы жинақтарын алу барысы жөнінде сұрастырдық. 

Гүлнар 1982 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Тұрмыс құрмаған. Елордада бас есепші болып қызмет етіп жүргеніне 20 жылдай уақыт болған. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында оның зейнетақы қорына 16 млн теңге қаражат жиналған. Тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келген ол жағымды жаңалықты ести сала, «БЖЗҚ» АҚ ресми сайтынан алуға болатын қолжетімді соманы тексеріп көрген. 

Зейнетақы жинақтары арқылы үй алу оңай ма? Астаналық өз тәжірибесімен бөлісті

Менің 16 млн теңге жинағым бар екен. Сайт арқылы тексеріп, оның 12 млн теңгесін шешуге болатынын түсіндім. Сөйтіп, еш ойланбастан «Отбасы банк» қосымшасын жүктеп алып, арнайы шот аштым. Содан кейін ЭЦҚ аштырып, мобильді қосымша арқылы өтініш бердім. Өтінішім аз уақыт ішінде қаралды. 5 жұмыс күнінен соң арнайы шотыма қаражат аударылды, - деді ол. 

Гүлнардың сөзінше, қаражат түсісімен ол бірден пәтер іздеуге көшкен. 

Пәтерді біраз уақыт іздедім. Табылған соң нотариусқа барып, сатып алу туралы келісімшарт жасастым. Келісімшарт 2 күнде арнайы тіркеуден өтті. Тіркеуден өтті деген кезде келісімшартты порталға жүктедім. Пәтер сатушыға қаражат бір күн ішінде түсті, - деп атап өтті ол. 

Ол зейнетақы жинақтарын алу еш қиындық туғызбағанын айтты. 

Тиісті жинақтарымды алу барысында еш қиындық туындаған жоқ. Портал ақаусыз істейді. Былайша айтқанда, үйде отырып-ақ ресімдегендей болдым, - деді Гүлнар. 

Жаңа баспана иесі заң күшіне енген сәттен бастап, баспана бағасы кемі 20-30 пайызға өсіп кеткенін айтты. Расымен Ұлттық статистика бюросының деректеріне зер салсақ, елдегі бір шаршы метр жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы 322 968 теңге. Жалпы ақпан айындағы тұрғын үй құнының өсімі 7,7%-ды құраған екен.

Зейнетақы жинақтары арқылы үй алу оңай ма? Астаналық өз тәжірибесімен бөлісті

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында беріледі деген сәттен бастап, баспана бағасы 20-30%-ға көтеріліп кетті. Амал жоқ, пәтер алу қажет болды. Елорданың сол жағалауынан 1 бөлмелі пәтер алдым. Үстінен 3 млн теңге қосып, 38 шаршы метр пәтерді 15 млн-ға сатып алдым. Алғаныма еш өкінбеймін. Осы заңның арқасында үйлі болдым, - деп қуанышын жасырмады ол. 
Зейнетақы жинақтары арқылы үй алу оңай ма? Астаналық өз тәжірибесімен бөлісті

Сонымен қатар Гүлнар таныстары мен туыстарының арасында үй алу, ем алу мақсатында өтініш білдіріп, қаражаттарын алып жатқандар бар екенін айтты. Айтуынша, арасында зейнетақы төлемдерін бауырларына аударғандар бар. 

Зейнетақы жинақтары арқылы үй алу оңай ма? Астаналық өз тәжірибесімен бөлісті

Еске салсақ, 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап БЖЗҚ уәкілетті оператор болып белгіленген банктерде ашылған салымшылардың арнайы шоттарына біржолғы зейнетақы төлемдерін аудара бастады. 

Қазіргі уақытта 4 уәкілетті оператор бар. Олар «Отбасы банк» АҚ, «Халық банк» АҚ, «Altyn Bank» АҚ және «Банк ЦентрКредит» АҚ. 

Зейнетақы қорының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 5 наурыздағы жағдай бойынша жалпы уәкілетті операторлар 199 401 өтініш қабылдаған. 

Жалпы «БЖЗҚ» АҚ-ға келіп түскен өтініш саны бойынша «Отбасы банк» АҚ көш бастап тұрған. Банкке 191 184 өтініш түскен. 

Одан кейінгі кезекте «Қазақстан Халық Банкі» АҚ тұр. Бұл банк зейнетақы жинақтарын шешіп алу туралы 7 157 өтініш қабылдаған. 

Үшінші орында «Банк ЦентрКредит» АҚ орналасқан. Аталған банкке 1 060 адам өтініш берген екен. 

Бұл өтініштердің 3678 өңдеуге қабылданса, 61493 адамның өтінішін банк қарастырудан бас тартқан. Сонымен қатар 134 230 салымшының өтініші мақұлданып, 707 709 млн теңге сомасындағы төлемдер арнайы шотқа аударылған.

Жинақталған зейнетақы қаражатының мөлшерін мерзімінен бұрын алғыңыз келсе, төмендегі видео-нұсқаулықта оны қалай тексеруге болатыны көрсетілген.


Көріп отырғандарыңыздай, қазір біршама қызметті алу 80% цифрлық деңгейге жеткенін байқауға болады. Зейнетақы жинақтарын алуға өтініш беру жеңілдетілген. Сондай-ақ өтінішті қарастыру уақыты да барынша қысқартылған. Қазақстан ақырындап қағазбастылықтан арылып келеді. 

Өзгелердің жаңалығы