Жамбыл облысында азаматтық қызметшілердің еңбек демалысының мерзімі ұзартылып, шамамен 10 млн теңге көлемінде төлем қамтамасыз етілді.
Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, Т. Рысқұлов ауданының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар қызметінде еңбек заңнамасының сақталуына талдау жүргізді.
Талдау нәтижесінде аудан әкімдігі мен оған қарасты мекемелерде штаттағы 58 азаматтық қызметшіге жыл сайын сауықтыру жәрдемақысы төленбестен, ұзақтығы 24 күнтізбелік күн болатын еңбек демалысы беріліп келгені анықталды.
Алайда аталған тәжірибе Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 139-бабының талаптарына сәйкес келмеген.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде азаматтық қызметшілерге ұзақтығы 30 күнтізбелік күн болатын жыл сайынғы еңбек демалысын беру және өткен жылдар үшін жалпы сомасы 9,8 млн теңге көлемінде сауықтыру жәрдемақыларын төлеу қамтамасыз етілді, - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.
Биылдың өзінде 15 азаматтық қызметші ұзақтығы 30 күнтізбелік күн болатын еңбек демалысын алып, сауықтыру жәрдемақысын төлеу құқығын пайдаланды.
Осылайша, аудан прокуратурасы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етті.