Алматыда 6 шілде күні заңсыз митинг өткізбек болғандар ұсталды

4 Шілде 2019, 17:04
4635
Бөлісу:
Алматыда 6 шілде күні заңсыз митинг өткізбек болғандар ұсталды
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы елімізде тыйым салынған экстремистік ұйымның мүшелерін ұстады. Олар 6 шілде күні Алматыда рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырмақ болған. Бұл туралы Алматы қаласы ПД-ның баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек айтты.

«Алматы қаласы Полиция департаментінің тергеу басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабының нормаларына сәйкес қылмыстық істің қозғалғанын біз бұған дейін хабарлағанбыз. Сезікті ретінде төрт азамат ұсталған. Олар Демеуова, Жаукерова, Әшіралиев және Шевшук атты азаматтар. Бұл азаматтарға қатысты соттың бұлтартпау шарасы ретінде сотпен үйқамау шешімі қабылданған болатын. Алайда олар заңда көзделген талаптарды және ережелерді бұзып, Алматы қаласының төңірегінде рұқсат етілмеген митинг өткізбек болғаны туралы мәлімет келіп түсті. Шұғыл іздестіру және ізкесу жұмыстарын жүргізу арқылы бұл мәлімет расталды», - дейді Салтанат Әзірбек. 

Оның айтуынша, бұл азаматтар рұқсат етілмеген митинг акциясын жоспарлап, оған қатысы бар барлық құжаттамалар мен заттарды алдын ала дайындаған көрінеді. 

«Осы топ мүшелерінің әрқайсысының өз рөлдері болған. Олардың үйін тінту кезінде полиция қызметкерлері заңға қайшы келетін заттарды тәркіледі, оның ішінде жарылғыш тәріздес заттар, үндеу плакаттары мен дыбысты күшейткіш құрал табылды. Қазір бұл азаматтар өз кінәларын толық мойындады», - деді баспасөз хатшысы. 

Сонымен қатар, ол кеше соттың шешімімен бұл азаматтарға қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілгенін айтты.

«Олар үйқамақтан органдағы қамау орындарына ауыстырылды. Сонымен қатар, осы азаматтар мен қоса тағы біраз адам ұсталды. Олар әкімшілік кодекстің 488-бабына сәйкес әкімшілік жазаға тартылып, соттың шешімімен оларға тиісті шара қолданылды», - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы