Заң бәріне ортақ. Назарбаев өкілеттілігіне қатысты сұхбат берді

30 Мамыр 2022, 12:20
3551
Бөлісу:
Заң бәріне ортақ. Назарбаев өкілеттілігіне қатысты сұхбат берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі саяси өзгерістерге қатысты сұхбат берді. Бұл туралы танымал саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа телеграмм каналында берген сұхбатында мәлімдеді. 

Соңғы уақытта елімізде  маңызды оқиғалар болып жатыр. Саяси реформалар, ел элитасын қайта форматтау, Президент Тоқаевтың бастамасымен конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум. Жалпы, экс-Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына, қызметі мен мәртебесіне қатысты сұрақтар көп.

Тұңғыш Президенттің ұстанымын нақтылау үшін Елбасының канцеляриясына бірқатар сауалдар жолдаған едім. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі бұл сұрақтарға телефон арқылы жауап беруді жөн көріпті. 

Тұңғыш Президенттің эксклюзивті сұхбаты:

– 5 маусымда елімізде Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Олардың ішінде сіздің мәртебеңізге қатысты да өзгерістер бар. Түзетуге қатысты  қалай қарайтыныңыз бәрін қызықтырады? Сіз сайлауға барасыз ба? 

– Иә, 5 маусымда Конституция берген құқығымды пайдаланып, референдумда дауыс беруге міндетті түрде қатысамын. Еліміздің  заңы қатып қалған құқықтық жәдігер емес, қазақстандық қоғамның өмірін, ондағы болып жатқан өзгерістерді көрсететін негізгі тетік екенін үнемі айтып келемін. Өзгерістер бұрын да енгізілген. Жалпы, бұл заманның көкейкесті талабы болса, қоғамның ілгерілеуіне, демократиялық дамуына септігін тигізетін болса, негізгі заңға өзгерістер енгізуге әрбір ұрпақтың құқығы бар деп есептеймін. Басқалар сияқты мені де мемлекет пен халқымыздың мүддесі толғандырады. Мен үшін өз халқым мен еліме не қалдыратыным маңызды еді. 

Мен 2019 жылы саналы қадам жасап, көпшіліктің қарсылығына қарамастан,  мемлекет басшысының қызметінен кеттім. Менің курсым халық қолдауының шыңында қалды. Оның айғағы, 2015 жылы өткен президенттік сайлауда мен 97,7 пайыз дауыс жинадым.

Иә, менде белгілі бір өкілеттіктер болды. Бірақ бұл бірқалыпты саяси ауысу және қоғамдағы және билеуші ​​элитадағы ықтимал қайшылықтарды азайту үшін жасалды.

Конституцияға сәйкес мен Президенттік өкілеттіктерімді Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа бердім. Одан кейінгі халықтық сайлауда ол жеңіске жетті. Осы жылдар ішінде мен оның елімізді реформалау және одан әрі дамыту жолындағы әрекеттерін қызу қолдадым. Бұл жолы да қолдайтыным сөзсіз. 

– Соңғы кездері интернет желілерінде туыстарыңыз туралы көп ақпарат пайда болды. Айтуларынша, олардың кейбіреулері заңсыз әрекеттермен – рейдерлік, заңсыз баюмен айналысқан. Бұл туралы не айта аласыз?

– Біз жылдар бойы Қазақстанда құқықтық мемлекет құрып келеміз. Оның негізгі қағидасы – заң бәріне бірдей. Егер туыстарымның бірі менің атымды пайдаланып, заң бұзса, жауапқа тартылуы керек. Кінәсі сотта дәлелденуі тиіс. Әрбір азаматтың өз құқығын қорғауға құқығы бар екенін де ұмытпауымыз керек.

Рахат Әлиевтің оқиғасы бәрінің есінде шығар деп ойлаймын. Ол қызымның күйеуі болды.  Маған іс жүзінде ұлым сияқты болды, немерелерімнің әкесі болды. Бірақ мұның бәрі мемлекеттің заңсыз әрекеттеріне көз жұмып отыруына негіз болған жоқ. Ол қазақстандық сот төрелігімен сотталған еді. Бірақ ол қашып құтылып, өмірінің соңына дейін жасырынды. Ауыр тағдыр. 

Мен Президент болған жылдары халқымыздың атқарған еңбегі зор. Бірақ кейбірі мұны ұмытып жатады. Халықтың дана екеніне, бәрін есте сақтайтынына сенімдімін. Қазақстан саяси және экономикалық халықаралық үдерістердің толыққанды қатысушысына айналды. Тәуелсіздік жылдарында елімізге 360 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметінше, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1993 жылғы 5,15 миллиард доллардан 2020 жылы 164,79 миллиард долларға дейін 32 есе өсті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 1993 жылғы 304,85 доллардан 2020 жылы 8,7 мың долларға дейін 28 есе өсті. Қазақстан экономикасының көлемі Орталық Азияның барлық елдерінің экономикасын қосқаннан 2 есе көп. Біз аймақтағы танымал экономикалық көшбасшымыз.

Естеріңізде ме, біз 1991 жылы неден бастадық және бүгінде қандай жетістіктерге жеттік. Арасы жер мен көктей.

Тәуелсіздігімізді нығайттық. Біз барлық көршілерімізбен шекараны белгіледік және бізге қарсы кез келген аумақтық шағымдар мүлдем жоққа шығарылды. Тәуелсіз болу үшін мемлекеттің халықаралық мойындалған шекарасы, өзінің тиімді армиясы, ұлттық валютасы болуы және ол  халықаралық дәрежеде мойындалуы қажет. Бізде мұның бәрі болған жоқ. Бұған менің президенттік кезінде,  менің басшылығыммен қол жеткізілді.

Бүгінде Назарбаев Университетінің, сондай-ақ оған жетекшілік ететін Қордың қызметін  сынға алып отыр. Қор тек білім берумен ғана емес, еліміздің жекелеген қаржы институттарына қатысты инвестициялық қызметпен де айналысатыны белгілі болды. Бұл ұйымдардағы сіздің рөліңіз қандай?

2011 жылы мен «Назарбаев Университетінің», «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» және «Назарбаев Қорының» мәртебесі туралы Заңға қол қойдым. Онда құрылып жатқан Қор тек Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептердің қызметін қаржыландыру үшін құрылған коммерциялық емес ұйым екені анық көрсетілген. Әлемдегі көптеген университеттерде эндаумент қорлары бар. Біздің қор да соларға ұқсайды. 2000 жылы құрылған Нұрсұлтан Назарбаев қорының да бар екенін атап өткім келеді. Бұл қор тек білім берумен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, мәдени, халықаралық және қайырымдылық шаралармен де айналысады. Солардың ішінде менің бастамаларым – «Astana Club», «Қамқорлық», «Ел үміті».

Мәселен, «Қамқорлық» бағыты аясында республика өңірлерінде жыл сайын 5 мыңға жуық туа біткен кемістіктері, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі аурулары бар балаға көмек көрсете алатын 8 оңалту орталығы ашылды. Және инклюзивті білім беруді қолдау үшін жалпы білім беретін мектептерде 16 бейіндік кабинет ашылды.

«Ел үміті» бастамасы аясында бірқатар білім беру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың мақсаты – талантты жас қазақстандықтарды табу және қолдау. Қор сонымен қатар қазіргі әлемнің өңірлік және жаһандық сын-қатерлерін талқылайтын сарапшылық алаңға айналған Әлемдік экономика және саясат институтын (IMEP) және Мемлекеттік тілді дамыту қорын басқарады. Қор жанынан цифрлық инновацияларды қолдау үшін IT кеңесі құрылды. Оның мақсаты – қазақстандық жастарға өздерінің IT-жобаларын ашуға және әлемдік нарыққа шығуға көмектесу.

Пандемия кезінде Қордың қолдауымен миллиондаған қазақстандықтарға елеулі көмек көрсетілгенін де атап өткім келеді. Бұл екі қор тәуелсіз және бір-бірімен байланысы жоқ коммерциялық емес ұйымдар ретінде жұмыс істейді.

Сұрағыңыздың бірінші бөлігіне қайта оралсам, Назарбаев Университетін құру жоғары білім берудің жаңа стандартын қалыптастыру үшін менің бастамам болғанын атап өткім келеді. Бүгінде ол еліміздің ғана емес, Азияның жетекші университетіне айналды. Бұл мақтануға тұрарлық нәрсе.

Джон Кеннеди:  Бізге ешқашан болмаған нәрселерді армандай алатын адамдар керек» деген. Мен атымды беруге рұқсат берген бұл оқу орнының мақсаты – осындай тұлғаларды тәрбиелеу.

Университет болашақ көшбасшылар мен жоғары білікті мамандарды дайындайды. Бүгінгі таңда университет түлектерінің 92%-дан астамы Қазақстанда еңбек етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жатыр.  Осы жылдар ішінде 7 мыңнан астам адам университет түлегі атанды. Университетке түсу кезінде қатаң конкурстық іріктеу жүргізіледі. Университеттің өзінде жемқорлық жоқ.

Университет өзінің тиімділігін дәлелдегенін айтқым келеді. Сондықтан біз осы тиімді білім беру моделінің тетіктерін қабылдап, еліміздің басқа университеттерінде қолдануға тырысуымыз керек. Бұл процесс қазірдің өзінде жүріп жатыр. 

–  Әңгімемізде қаңтар оқиғасын назардан тыс қалдыра алмаймыз. Сіздің көзқарасыңызды білсек? 

 – Қаңтар оқиғасы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл ұйымдасқан тәртіпсіздіктер мен Қазақстанға жасалған шабуылдардың мақсаты – елде бейберекеттік орнатып, мемлекеттің тұтастығын бұзу болды. Бұл оқиға бәрімізге сабақ болды. Осы лаңкестіктертік әрекеттің барлығын ұйымдастырғандардың артында кім тұрғанын анықтау маңызды. Тергеу бұл сұраққа жауап береріне сенімдімін. Құқық қорғау органдарының ел тыныштығын бұзуды жоспарлаған бүлікшілердің іс-әрекетін неге білмегенін немесе білгісі келмегенін анықтау қажет. Ол кезде мен үшін түрлі қауесеттер мен болжамдарға мән бермей, Президентімізге жан-жақты қолдау көрсету маңызды болды. Мен оған елдің Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының өкілеттігін тапсырдым. 

–  Еліміздегі барлық саяси реформа мен қайта құрулардан кейін не істейсіз, алдағы жоспарларыңыз қандай? 

 –  Жалпы, саясаткер отставкаға кеткеннен кейін не істейтіні маңызды емес деп ойлаймын. Саясаткерлер келеді, кетеді, бірақ халық пен ел қалады. Ең бастысы, еліміздің одан әрі дамитыны және алда бізді қандай өзгерістер күтіп тұрғаны. Менің Президенттік қызметімде біз барлық жақын көршімізбен, батыс елдерімен сенімді қарым-қатынас орнаттық. Біз халықаралық саяси аренада құрметке иеміз. Қазақстандықтар демалысқа немесе іссапарға шетелге еркін шығады. Оларға әрқашан құрметпен қарайды. Қазақстандықтар шетелге жұмыс іздеп кетпейді. Отставкаға кеткеннен кейін көптеген мемлекет басшылары хабарласып, мені өз елдеріне шақырды. Мен олардың барлығына ризамын. Олардың кейбірімен байланысып тұрамын. Менің тікелей қатысуыммен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ, Түркі мемлекеттері ұйымы мені осы ұйымдардың құрметті төрағасы етіп сайлады. Менің қорымның жұмысы да назар аударуды қажет етеді.

Жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелерін де назарымнан тыс қалдырмаймын. Менің жарлығыммен Семей полигоны жабылып, біз ядролық арсеналдан бас тартқаннан кейін Қазақстан ядролық қарусызданудың көшбасшысы ретінде танылды. Сонымен қатар өткен шақтың естеліктерін еске ала отырып, Қазақстанның тыныштығы мен гүлденуін тілеймін. 

 

Өзгелердің жаңалығы