Заманауи жол элементтері апат қаупін төмендетуіге мүмкіндік береді – полиция полковнигі

2 Мамыр 2021, 13:51
1792
Бөлісу:
Заманауи жол элементтері апат қаупін төмендетуіге мүмкіндік береді – полиция полковнигі

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағындағы пайдаланудағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 12 940 шақырымды құрайды екен. Оның ішінде халықаралық маңызы бар жол 209 шақырым болса, республикалық маңызы бар 989 шақырым жол бар.

Мұны аймақтағы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мәмбет Смайылов айтты. Ол облыстық маңызы бар жолдың ұзындығы 1 942 шақырым, аудандық 1 913 шақырым екенін де жеткізді. Өңірде шаруашылық маңызы бар жол 2 259 шақырымды, елді мекендердің көше-жол желілері 5 628 шақырымды құрайды.

Жамбыл облысындағы көше-жол желілері мен республикалық маңызы бар автожолдарда 211 бағдаршам нысандары жұмыс істейді. Мұның 13-і республикалық, 16-сы облыстық маңызы бар жолдарда болса, 138-і Тараз қаласында, 37-сі аудан орталықтарында орналасқан. Бүгінгі таңда халықаралық және республикалық маңызы бар «Алматы-Нұр-Сұлтан-РФ» автожолының 281-490 шақырымы аралығында, яғни Мойынқұм ауданының аумағында және «Меркі-Шу-Бұрыбайтал» жолының 7-273 шақырымы аралағында, яғни Меркі, Шу, Мойынқұм аудандарының аумағында қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда, - деп атап өтті Мәмбет Райымбекұлы.

Оның сөзінше, жыл басынан бері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс автожолдарына 493 тексеріс жүргізілген. Тексерілген 3 088 шақырымнан 2 117 ақаулық анықталыпты. Мұның 59-ы республикалық маңызы бар  автожолдарға, 81-і облыстық маңызы бар жолдарға, 367-сі аудандық автожолдарға тиесілі. Елді мекендердің көше-жол желілерінде 1 610 кемшілік бар.

Тексеріс қорытындысы бойынша жол ұйымдарының басшыларына орындау үшін 493 жазбаша өкім берілді. Оның 386-сына жауап келді, 85 өкімге мерзімдерін ұзарту және қаражаттың болмауы туралы жауап алынса, 107 өкімнің белгілі орындау мерзімдері бар. Автокөлік жолдарына қызмет көрсетудегі кемшіліктерге байланысты аудандық және облыстық атқарушы органдарға 104 ақпарат жолданды, оның 52-сі жергілікті атқарушы органдарға жіберілді. Облыс және аудан прокуратураларына 26 ақпарат жолданса, бұқаралық ақпараттар құралдарына 26 жазба жарияланды, - деді полиция полковнигі.

Ол автокөлік жолдарына қанағаттанарлықсыз қызмет көрсеткені және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 46 лауазымдық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 631-бабы 1-бөлімімен - 31 азамат, 630-бабы 1-бөлімімен - 14 азамат, 631-бабы 2-бөлімі бойынша 1 тұлға жауапкершілікке тартылған. Бұлардың 4-еуі әкімдік өкілдері болса, 3-еуі «Қазақавтожол» ЖШС Жамбыл облыстық филиалының, 39-ы басқа да жол ұйымдарының лауазымды қызметкерлері.

Сонымен қатар, сәуір айында Әкімшілік полиция қызметкерлері мен Жамбыл облысы әкімдігінің және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының өкілдерімен бірлесіп, аймақтағы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына көктемгі кешенді тексеріс жұмыстарын жүргізді. Шара барысында автомобиль жолдарының 3200-ге жуық шақырымы қамтылып, жоғарыда аталған мекемелерге орындауға 39 ұйғарым жолданды, - деді М.Смайылов.

Жол полициясы өкілі қазіргі заманауи жол элементтері жүргізушілердің түнгі уақытта оңай жүруіне және апат қаупін төмендетуіге мүмкіндік беретінін әңгімеледі. Мәселен, республикалық маңызы бар автожолда күн сәулесінен қуат алатын және тәуліктің қараңғы уақытында жолды жарықтандыратын сигналдық бағаналар мен жарық құралдары орнатылған. Мұндай жаңашылдықтар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолында, «Күйік» асуының жаңа айналма жолында және «Нұрлыкент» елді мекенінің маңында бар. Сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының «Күйік» асуында ұзындығы 2 шақырымнан асатын, қарсы келе жатқан автокөлік шамдарының жарығын жүргізушінің көзіне шағылысуға жол бермейтін белгілер қойылған.

Мәмбет Райымбекұлы «ҚазАвтоЖолдың» Жамбыл облыстық филиалымен бірлескен 2019-2020 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, апатты-қауіпті учаскелерде жол-көлік оқиғалары туралы мәліметі бар ақпараттық паннолар орнатылған, «Күйік» асуы аумағындағы 3 бұрылу алаңына жасанды жарықтандыру қойылыпты, жол жүру бөлігінің жолақтарындағы қозғалыс бағытын көрсететін бағыттамалар мен жол белгілері жаңартылыпты.

Рөлде ұйықтап кету себебімен жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын жерлерде 700 шақырымнан астам немесе 50 жол учаскесіне шу жолақтары енгізілді. Көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында Тараз қаласының 14 негізгі қиылыстарына «Ақылды бағдаршам» бағдарламалық қамтамасыз ету құрылғылары қойылды. Олар бағдаршам нысанының реттеу циклдарын автоматты режимде бағыттардың жүктемесіне байланысты өзгертеді. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін де ауқымды жұмыстар жүргізілді, яғни мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің жанында, жаяу жүргіншілердің жаппай өту орындарында, соңғы 3 жылда республикалық маңызы бар автожолда 3 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі жасалды. Ал Тараз қаласындағы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері жарықтандырылған кансольға «Жаяу өтпе» интерактивтік жарықдиодты шамдар мен жол белгілері ілінді және ақ-сары түсті жол таңбасы енгізілді, - деді полиция полковнигі.

Одан бөлек, жол инфрақұрылымын жақсарту және Жамбыл облысы аумағының автожолдарымен қауіпсіз өту үшін халықаралық маңызы бар «Алматы-Нұр-Сұлтан-Ресей Федерациясының шекарасы» жолының 209 шақырымын, республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бурыбайтал» жолының 266 шақырымын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, былтырғы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында әзірленген 100 жобалық-сметалық құжаттамалармен Тараз қаласының 80 шақырымнан астам көше-жол желісінің жол жабындары және 7 шақырымнан астам жаяу жүргінші жолдары жөнделген.

М.Смайылов қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірдегі автожолдарға 8 039 дана жол белгілері орнатылып, 79 700 погондық метр жол таңбалары мен 377 шаршы метр шу жолақтары енгізілгенін айтты. Оның сөзінше, 54 056 шаршы метр шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 8 692 погондық метр қисық сызықты брус және басқалары қалпына келтірілген.

2019-2020 жылдары іске асырылған «Жол картасы» жол-көлік оқиғалары санының төмендеуіне оң әсерін тигізді. Нақтылай айтсам, өткен жылы жол-көлік оқиғасы саны 23 %-ғағ яғни 1 223-тен 942-ге төмендеді. Одан соң «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы мен жергілікті әкімдіктің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірлесіп, 2021-2022 жылдарға арналған жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша «Жол картасы» әзірледі. Қазіргі таңда жоспардың тармақтары бойынша іс-шаралар қарастырылуда, - деді басқарма бастығы Мәмбет Райымбекұлы.


Өзгелердің жаңалығы