Еуропаның бірқатар елінде жаппай ереуілдер мен наразылық шерулері өтіп жатыр

Жұмысшылар мен студенттердің жаппай шерулері 100-ге жуық елді мекенді қамтыды.

 Euronews 21 Қараша 2026, 05:57
21 Қараша 2026, 05:57
139
Фото: Euronews

Жұма күні Италияда мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері 24 сағаттық жалпыұлттық ереуілге шықты. Оны елдегі ең ірі CGIL кәсіподағы ұйымдастырған. Жұмысшылар мен студенттердің жаппай шерулері 100-ге жуық елді мекенді қамтыды. Бұл туралы BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап хабарлады.

Рим қаласының орталығында таңертең бірнеше ірі шеру өтті. Олардың қатарында Витторио Эмануэле алаңынан, Ла Сапиенца университеті маңынан және Білім министрлігі жанынан басталған шерулер бар.

Наразылық білдірушілер жалақының төмендігіне, бағаның өсуіне, денсаулық сақтау мен білім беру салаларына бөлінетін бюджет қаражатының қысқаруына, сондай-ақ әскери шығындардың артуына қарсылық білдіруде.

Ереуілге байланысты Италия астанасында метроның С желісі жабылып, А және В желілеріндегі пойыздар саны қысқарған. Қоғамдық көлік те іркіліспен жұмыс істеп, көптеген мектептер мен мемлекеттік мекемелер қызметін тоқтатқан. Әуе және теміржол қатынасы кестеге сай жұмыс істеген. Алайда сенбі күні кешкі сағат 21:00-де Италияда теміржол қызметкерлерінің жеке ереуілі басталады.

Италиядағы ереуілмен қатар Еуропаның бірқатар елінде жастар наразылығы басталды. International Youth Strike студенттік қозғалыстар коалициясы жұма және демалыс күндері 25-тен астам елде үйлестірілген акциялар өткізетінін жариялады.

Жастар қозғалыстары әскери бюджеттердің өсуі мен қайта қарулануды тоқтатуды, міндетті әскери қызметті қайта енгізу жоспарларынан бас тартуды, тұрғын үй дағдарысын шешуді және аса бай адамдарға салынатын салықты арттыруды талап етуде. Сондай-ақ жиналған қаражатты білім беру, медицина, әлеуметтік қамсыздандыру және климатты қорғау салаларына бағыттауды ұсынады.

Әр елдегі наразылық шерулері жергілікті мәселелерге байланысты өзіндік сипат алған.

Мадридте жүздеген оқушы мен мұғалім мемлекеттік мектептерді қаржыландыруды арттыруды талап етіп, Білім министрлігіне дейін шеру өткізді.

Испанияда теміржол кәсіподақтары сейсенбі күні 24 сағаттық ереуіл жариялады. Олар Толедо провинциясындағы Урде қаласында болған қайғылы апаттан кейін теміржол қауіпсіздігін күшейтуді талап етуде. Апат салдарынан 69 адам қаза тапқан.

Германияда жастардың наразылығына міндетті әскери қызметтің қайта енгізілуі мүмкін деген алаңдаушылық себеп болған. Белсенділер биліктен әскери шығындарды арттырудың орнына мектептерді жөндеуге және студенттерді қолдауға қаражат бөлуді талап етті.

Францияда шерулер «Сары жилеттер» қозғалысының құрылғанына сегіз жыл толуына орай ұйымдастырылды. Бастапқыда жанармай салығына қарсы басталған бұл қозғалыс кейін өмір сүру құнының қымбаттауына қарсы ауқымды наразылық науқанына ұласқан.

Ал Литвада білім беру саласы қызметкерлерінің мерзімсіз ереуілі бірнеше күннен бері жалғасып жатыр. Оған 220 оқу орнынан шамамен 4 мың педагог қатысуда.

Наверх