Иран Ормуз бұғазын ашу жөніндегі келіссөздерді бастау үшін АҚШ-қа екі шарт қойды

АҚШ президенті Дональд Трамптың Вашингтонға Тегеранмен келісім қажет емес деген мәлімдемесіне пікір білдірген министр Иран тарапы АҚШ-тан әзірге ешқандай жауап алмағанын айтты.

 Анадолы 21 Қараша 2026, 08:47
21 Қараша 2026, 08:47
124
Фото: Анадолы

Иран Ормуз бұғазын ашу мәселесі бойынша АҚШ-пен сарапшылар деңгейінде келіссөздер жүргізуге және өз жоспарын жүзеге асыру мерзімін қысқартуға дайын. Алайда бұл үшін Вашингтон Тегеранмен келісім жасауға ниетті екенін көрсетуі керек. Бұл туралы Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мәлімдеді. Бұл жөнінде BAQ.KZ РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ президенті Дональд Трамптың Вашингтонға Тегеранмен келісім қажет емес деген мәлімдемесіне пікір білдірген министр Иран тарапы АҚШ-тан әзірге ешқандай жауап алмағанын айтты.

Оның сөзінше, Тегеран Вашингтоннан Иранмен келісім жасауға дайын екенін ашық жариялауды талап етеді. Сонымен қатар екі ел арасындағы сенімді қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешені қажет.

Егер олар осы екі шартты орындаса, біз америкалық тараппен бұл жобаны және оны жүзеге асыру жолдарын талқылауға дайынбыз. Біздің талабымыз анық: Ормуз бұғазы ашылуы үшін біз ұсынған жеті шарт орындалуы керек. Әрине, америкалықтардың бұл талаптарды жүзеге асыруға қатысты өз ұсыныстары мен көзқарастары болса, диалог жүргізуге дайынбыз, – деді министр Iran басылымына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Тегеран мен Вашингтон талаптарды құжат жүзінде қалай рәсімдеу және екі тарапқа да қолайлы келісімге қандай жолмен қол жеткізу керектігін талқылай алады.

Аракчидің сөзінше, Иран талаптарын орындау мерзімін екі күннен бір күнге немесе тіпті екі сағатқа дейін қысқарту мәселесі де талқылануы мүмкін. Ең бастысы – қойылған талаптардың орындалуы.

Министрдің мәлімдеуінше, Иранның қазіргі екі күндік ұсынысына сәйкес, АҚШ талаптарды орындағаннан кейінгі екінші күні Тегеран Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін ашып, келіссөздерді бастауға дайын. Талаптардың қатарында АҚШ-тың Иранға қарсы соңғы шектеу шараларын алып тастау да бар.

Аракчи Исламабад меморандумында құжат жүзеге асырылғаннан кейін 60 күн өткен соң Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерді бастау қарастырылғанын еске салды.

Алайда министрдің айтуынша, бұл меморандум енді күн тәртібінде жоқ. Соған қарамастан, оның негізгі қағидаттары АҚШ-пен жасалуы мүмкін болашақ келісімнің негізіне айналуы ықтимал.

Наверх