Зәкиева әлі баламның жағдайын сұрамады - ашынған ана

27 Қазан 2023, 11:40
657
Бөлісу:
Зәкиева әлі баламның жағдайын сұрамады - ашынған ана

Алматыда зорланған бірінші сынып оқушысының анасы тергеу жұмыстарының нашар жүріп жатқанын, қылмыскердің әлі күнге табылмағанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Еске салсақ, Алматыдағы халықаралық мектептің бірінде жеті жасар баланы зорлаған. Бұл туралы баланың анасы мәлімдеген еді. 

Неліктен директорды тергеу кезінде қызметінен босатпады? Неліктен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева моральдық-құқықтық көмек көрсетудің орнына, тіпті жағдайын сұрамай отыр. Баламмен бірде-бір рет көріспей, үшінші рет жауап алуға әкелуді талап етіп отыр, – дейді бейнеүндеуде ол. 

Анасы психологтар баланы психиатрдың тексеруінен өтуге кеңес беріп жатқанын айтты.
Сондай-ақ, әйел бұл видео арқылы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасап жатқанын, себебі мемлекеттік органдарға жолдаған ресми сауалдарына әлі жауап алмағанын айтты.

Баламның келесі жолы зардап шекпеуі үшін қылмыскерді өзім табуым керек па? Мен қарапайым қазақ әйелімін, менің ешқандай байланысым жоқ. Шынымен де біз әділ тергеуге қол жеткізе алмаймыз ба? Неліктен қылмыскерді табуға ешкім әрекет жасамайды? Ол осылай бостандықта жүре бере ме? – деп көзіне жас алды оқушының анасы.

Ал, Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша қылмыстық істі тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 121-бабының 3-1-бөлігі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша тергеп жатқанын хабарлады.

Комиссиялық сот-медициналық сараптама жүргізілді, оның қорытындысы алынды. Сонымен бірге, істің объективті мән-жайларын анықтау мақсатында тергеу мамандардың қосымша зерттеуін тағайындады. П.есімді азаматшаның ұлын сараптамадан өткізу туралы шешім қабылданып жатыр, - дейді Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Полиция департаменті басшылығының бақылауында екені айтылады.

Үкімет баспасөзінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев 7 жасар зорланған баланың ісіне қатысты түсініктеме берген еді. 

Өзгелердің жаңалығы