Зағиптарға арналған кітапхана қоры 8 мың кітаппен толықты

17 Сәуір 2023, 15:35
539
Бөлісу:
Зағиптарға арналған кітапхана қоры 8 мың кітаппен толықты
Фото: astanatv.kz

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қоры 8282 кітаппен толықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР МСМ Баспасөз қызметі мәліметінше, өткен жылы Алматыдағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана қоры 8282 дана кітаппен толықты. Оның ішінде 1149 данасы балалар әдебиеті.

Сондай-ақ 2022 жылы кітапхана жартылай өнеркәсіптік Брайль принтерлері мен Брайль дисплейлерін сатып алды. Осының нәтижесінде МР3 форматта 17 кітап дыбысталып, 22 кітап нүктелі-бедерлі қаріпте басып шығарылды.

Кітапхананың 3000-ға жуық оқырманы бар, кітап қоры 260 мыңнан асады. Оның ішінде көркем әдебиет, классикалық және қазіргі заман әдебиеті, отандық және шетелдік авторлар, поэзия, фантастика және басқа да бағыттағы басылымдар бар.

Біз өз оқырмандарымызға кітапханада ғана емес, үйде де қызмет көрсетеміз. Біздің осында келетін мүмкіндігі жоқ 45 оқырманымыз бар. Олар бізге керек кітаптарын телефон арқылы тапсырыс береді. Біз әр аптаның сәрсенбісінде үйлеріне жеткізіп береміз,- деді Кітап қорын сақтау және абонемент бөлімінің қызметкері Назым Арынбекова.

Бүгінде кітапхана ерекше қажеттілігі бар оқырмандардың рухани қарым-қатынасын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуге арналған және түрлі бұқаралық іс-шараларға қатысатын орталық болып саналады. Мұнда тек зағип оқырмандарға ғана емес, сезу, есту қабілеті төмен жандарға да басқа кітапханалар көрсете алмайтын қызмет түрлері қолжетімді.

Өзгелердің жаңалығы