Қызылша ауруына шалдыққан балалардың 83,4% вакцина алмағандар

11 Маусым 2020, 10:57
1264
Бөлісу:
Қызылша ауруына шалдыққан балалардың 83,4% вакцина алмағандар

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы кодекс жобасында профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Парламент Сенатының отырысында айтты.

Оның айтуынша, ата-аналар өз баласын вакцинациялаудан бас тарта отырып баланың денсаулығы мен құқығын шектейді. Егілмеген адам санының өсуі ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және халық арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың таралуына алып келетін көрінеді. 

Осы жылы қызылша ауруымен ауырғандар арасында 21 өлім тіркелді, оның 19-ы бала. Республикамызда қызылшаның өршуі кезінде 13 800-ден астам жағдай тіркелді, ал балалар арасында - 9 887 жағдай. Сырқаттанудың 83,4% егілмеген балалар арасында тіркелді. 2018 жылғы 1 қарашадан бастап 2019 жылдың аяғына дейін 8 244 бала ауырған. Халық арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулар әлеуметтік жағдайы осал топтардың балаларына қауіп төндіреді, - деді министр. 

Сонымен қатар, ол аталған норманы жұртшылықпен талқылау нәтижесінде профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінгенін айтты. 

Міндетті профилактикалық екпелерге жоспарлы егулер және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық егулер жатады. Жоспарлы вакцина алмаған балаларды мектепке дейінгі оқу мекемелерге жіберу ұжымдық иммунитет шекті деңгейге жеткен жағдайда ғана орындау мүмкін болады, - деді Біртанов.

Өзгелердің жаңалығы