Йылдырым Түркиядағы жер сілкінісі кезінде фейк ақпараттармен қалай жұмыс істегенін айтты

20 Маусым 2023, 15:30
1163
Бөлісу:
Йылдырым Түркиядағы жер сілкінісі кезінде фейк ақпараттармен қалай жұмыс істегенін айтты
Фото: Артём Чурсинов

Елордада өтіп жатқан Волонтерлер форумында «Волонтерлік бастамаларды ілгерілетудегі БАҚ рөлі» тақырыбындағы сессияда шынайы ақпараттың таратылуы жайлы айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сессия барысында төтенше жағдай кезінде ақпараттың қалай жазылып, таратылуы жайында сөз болды. Шынайы ақпаратты Бұқаралық ақпарат құралдары қалай жылдам беру керек жайы да айтылды. Түркия елінен келген TRT редакторы Тайлан Йылдырым Түркияда болған жер сілкінісі кезінде фейк ақпараттармен қалай жұмыс істегенін сөз етті.

Әуелі Қазақстанға алғыс айтамын. Елімізде болған жер сілкінісі кезінде көмек қолын созып, бірнеше киіз үй жолдап, гуманитарлық көмек керсетті. Еліміз сондай қиын сәтті басымыздан өткерді. Қаншама азаматымыздан айырылып қалдық. Жер сілкінісі болған аймаққа барған кезде фильмдерде көрсетілетін соғыстан кейінгі аймақ сияқты болды. Құтқарылған адамдар ауа райына қатты алаңдады. Себебі күн салқындап кетті. Бірінші көрген кезде өз көзімізге сенбедік. Жыладық. Жағдайды көргеннен кейін сол кезде бірден ойымызға келгені өзіміздің азаматтарға сондай-ақ әлемге тек шынайы дұрыс ақпарат тарату болды. Құтқару жұмыстары басталған сәттен бастап біз де құтқарушылармен бірге болдық. Мемлекет ретінде, өз ісіміздің маманы ретінде қолымыздан келгеннің барлығын жасадық. Бірден жұмысқа кірістік, - деді Тайлан Йылдырым.

Тайлан Йылдырым, осы форум арқылы жер сілкінген кезде көмектескен барлық волонтерге алғысын айтты.

Біздің елімізге көмектесен барлық волонтерге рақмет айтамын. Бауырлас елдерден бөлек әлем елдері бізге көмекке келді. Көмек қолын созып, гуманитарлық көмек көрсетті. Сондай-ақ Қазақстаннан және басқа елдерден келген құтқарушыларға өз алғысымды жеткізгім келеді. Көрші елдерден келген волонтерлер де көп болды. Құтқару жұмыстарына қатысып, алғашқы көмекті көрсетіп, үміт отын сыйлады,-деді ол.

Оның айтуынша, БАҚ өкілі ретінде жүктелген негізгі міндет шынайы ақпарат тарату.

Жер сілкінісінен кейін 3 ай бойы сол аймақта болдық. Әріптестерімізбен бірге аумақтарға бөлініп жылдам, тез ақпарат жазып отырдық. Өз елімнің азаматы, өз ісімнің маманы, волонтер ретінде өз мүмкіндігімді көрсетіп еліме көмектестім, - дейді Тайлан Йылдырым.

Өзгелердің жаңалығы